Вашингтон мен Тегеран келіссөздердің екінші раундын өткізу мәселесін талқылап жатыр
АҚШ Иран порттарына барып-қайтқан танкерлерді блокадаға алу операциясын бастады. Дегенмен Қытайдың бір кемесі Ормұздан кедергісіз өткен. Әлем ақпарат құралдары Вашингтон мен Тегеран жаңа келіссөзге әзірленіп жатқанын хабарлады. Ал АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Исламабадта өткен кездесуде мазмұнды талқылау, айтарлықтай ілгерілеушілік болғанын мәлімдеген. Осы мәліметтерден кейін қор нарықтарында акциялар қымбаттап, доллар мен мұнай арзандады. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғаастырады.
АҚШ Иранды Ормұз бұғазын ашуға және соғысты тоқтату келісіміне көндіру үшін дүйсенбі күні блокадаға алуға кірісті. MarineTraffic бақылау қызметінің хабарлауынша, президент Дональд Трамптың бұйрығы күшіне енгеннен кейін екі кеме кері қайтарылған. Бірақ бүгін түскен мәліметке жүгінсек, Қытайдың санциядағы танкері Американың тыйымына қарамастан Ормұздан кедергісіз өтіп отыр.
Ислам Республикасы болса, Вашингтонның блокадасын «қарақшылыққа» теңеп, АҚШ-тың Парсы шығанағындағы порттарын нысанаға алатынын ескертті. Ал Тегеранда сан мың адам шеруге шығып, Американың стратегиялық бұғазға қатысты саясатына наразылық білдірді.
Милад Эсабати, Тегеран тұрғыны:
Трамптың соңғы 40-50 күндегі мәлімдемелері мен әрекеттеріне қарап, Америка Иранның мүмкіндіктеріне қарсы тұра алмай, үмітсіздік пен дәрменсіздіктің шегіне жетті деген ой түйдім.
Захра, Тегеран тұрғыны:
Мысалы, Трамп біздің электр станцияларымыз бен инфрақұрылымызды қиратамыз, аралдарыңды басып аламыз деді. Бірде-бір уәдесін орындаған жоқ. Бос сөйлейді. Біз ештеңеден қорықпаймыз.
Айта кетсек, Құрама Штаттар Иран порттарын блокадаға ала отырып, оның тәулігіне миллиондаған баррель мұнайын нарыққа жеткізбеуді көздеп отыр. Және де АҚШ бұл мемлекет аумағына кіріп-шыққан танкерлерді Ормұз акваториясында патруль жүргізбей-ақ, қауіпсіз қашықтықтан жерсеріктен түсірілген суреттердің көмегімен анықтап, Оман шығанағында ұстауды көздейді.
НАТО-ға тоқталсақ, ол АҚШ пен Израиль бастаған соғысқа араласудан бас тартқаны белгілі. Қазір солтүстікатлантикалық альянс Ормұзды блокадалау операциясына да қатыспайтынын ашық жариялап отыр.
Кейбір ирандық бақылаушылардың ойынша, Трамптың әрекеті әлемде басталып келе жатқан энергетикалық дағдарысты тіпті күшейтуі ықтимал.
Мұхаммед Гадери, саяси сарапшы:
Тіпті қазірдің өзінде Батыстың әртүрлі елдерінде энергия бағасының өсуіне байланысты шу көтеріліп жатыр. Трамп бір аптадан он күнге дейінгі мерзімде блокадамен Иранды шегінуге мәжбүрлеп, Ормуз бұғазының қайта ашамыз деп санайды. Бірақ Иранның кейінгі кездегі әрекеттерін ескерсек, одан мұндай шешімді күту қиын болады.
«Ассоушиэтед пресс» агенттігі үш дереккөзге сүйеніп хабарлағандай, қазір АҚШ пен Иран алты аптаға созылған соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің екінші раундын өткізу мәселесін талқылап жатыр. Ол кездесу тағы да Пәкістан астанасында өтуі мүмкін.
Осындай хабарлардан кейін Азия-Тынық мұхит аймағындағы биржаларда акциялар шамамен 2 пайызға қымбаттап, доллар арзандап, мұнай бағасы 97 доллар 90 центке дейін төмендеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы