Басты Жаңалықтар Ертең Исламабадта соғысты тоқтату туралы келіссөздер өтеді

Ертең Исламабадта соғысты тоқтату туралы келіссөздер өтеді

Ертең Пәкістан астанасында АҚШ-Иран келіссөздері басталуы керек. Алайда тараптар арасында күрмеуі қиын бірнеше мәселе бар. Олар – Ливанды ымыраға қосу, Ормұз бұғазын қайта ашу, тіпті Тегеранның уран байытуға құқығын мойындауды талап етіп отыр.
АҚШ пен Иран арасындағы екі-апталық ымыра Пәкістанда жоспарланған келіссөздері қарсаңында бұзылуға жақын. Жауласушы тараптар арасындағы шиеленіс Израиль Ливанды бомбалап, бір күнде 300-ден астам адамды өлтіріп, 1100-ін жаралағаннан кейін күшейді. Бейруттегі алапат қантөгіске жауап ретінде Иран Ормұз бұғазын қайта блокадаға алды. Израиль болса, Ливандағы операцияны Тегеранға жақтас шиттік «Хезболла» қозғалысының позицияларын жою үшін жүргізгенін мәлімдеп отыр. Алайда авиациялық соққылардан мерт болғандардың талайы - бейбіт тұрғындар.
Қазір Тегеран АҚШ-тан Ливанды да соғысты тоқтату туралы келісімге қосып, Израильді ымыраға мәжбүрлеуді талап етіп отыр.
Саид Хатибзаде, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары:

Егер президент Трамп, өзі твиттерде жазғандай, Таяу Шығыстағы бейбітшілікке мүдделі болса, аймақтағы барлық ел атысты тоқтату туралы келісімді орындауға тиіс. Біз америкалықтардың бұл ымыраға израильдік режимді де көндіреді үміттенеміз.
Алайда Құрама Штаттар мен Израиль бұған қарсы және де Президент Дональд Трамп әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, Иранды Ормұздан кемелерді өткізбеді деп айыптады. «Біз бұлай келіспеп едік», - дейді Құрама Штаттар лидері. Өзге бір жазбасында Трамп мұнай тасымалы қайта жанданатынына сөз беріп, бірақ сол үшін АҚШ-тың қандай шара қолданатынын айтпады.
Айта кетсек, ымыраның алғашқы 24 сағатында, яғни сейсенбіден бері Ормұздан мұнай өнімдері тиелген 1 танкер мен 5 сауда кемесі ғана өткен екен. Ал соғысқа дейін олардың күндік саны 140 кем болмапты. Бірқатар сарапшылардың ойынша, мұндай жағдай жалғаса берсе, нарық тасымалдың өзге жолын іздестіруге кіріседі.
Габриэль Моизес Фуэнтес, Норвегия экономика мектебінің кеме және логистика орталығының доценті:
Қазір Ормұз бұғазынан өткендерден салық алу жүйесі енгізіледі деген пайым бар. Меніңше, бұл Иранның өзіне де тиімсіз. Қысым тоқтамаса, энергетика саласы мұнай тасымалдау жолын іздеп, Парсы шығанағының батысына инвестиция салуы мүмкін. Яғни, келешекте кемелер осы шығанақтан Жерорта теңізіне өтіп, тіпті Қара теңіз арқылы да шикізат тасымалдауға көшуі ықтимал.
АҚШ-Иран келіссөздері Пәкістан астанасы Исламабадта ертең басталуы керек. Онда Тегеран соғысты біржолата тоқтату үшін қарсы жаққа Ливан мен бұғазды ашу мәселесінен бөлек өзін санкциялардан босату, тіпті Иранның уран байыту құқығын мойындау туралы да шарт қоймақ.
Болжамдарға қарағанда, Исламабадқа Иран делегациясын парламент спикері Мұхаммед Багер Қалибаф, ал америкалықтарды вице-президент Джей ди Вэнс бастап баруы мүмкін.

Бөлісу