Түркиядағы студенттер бауырсақ пісіріп сайысты
Түркияда оқитын студенттер арасында «Бауырсақ Пати» шарасы ұйымдастырылды. Ыстанбұл қаласындағы Бас консулдықтың мұрындық болуымен Түркияның түрлі қалаларында оқитын студенттер бас қосып, бауырсақ пісіріп сайысты. Қазылар алқасы ең дәмді бауырсақты анықтап, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырды.
Ұлттық тағамды дайындау сайысына Ыстанбұл, Измир, Анталия сияқты бірнеше қаладан 9 команда қатысты. Байқау шарты бойынша студенттер белгіленген уақытта өздері қамыр ашытып, бауырсақ пісіріп әділ қазылар алқасына ұсынуы тиіс.
Волкан Орманлы, қазылар алқасының мүшесі:
Бауырсақтар өте дәмді екен. Ең жақсысын таңдау оңай болмады. Бауырлас ел болған соң тағамдарымыз да ұқсайды ғой. Бізде де бауырсаққа ұқсас нан түрі бар. Былтыр жазда Қазақстанға барған едім, бауырсақ пен бешбармақты сүйсініп жедім.
Тартысты өткен сайыста Бурса қаласынан келген команда бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Анталия мен Измир қаласынан келген студенттер бөлісті.
Арай Назымова, Бурса командасының мүшесі:
Өте қуаныштымыз бірінші орын алғанымызға. Біз өзіміз ерекшеленгіміз келді. Біздің тарымыз бен крем чизді қосып ерекше дәм бергіміз келді. Біз бауырсақты ерекше қылып тапсырғымыз келді.
Аяжан Қадір, Анталия командасының мүшесі:
Бауырсағымыз өте дәмді болды деп ойлаймыз. Бірінші орынға бір екі балл жетпей қалды деп айтты. Бауырсақ бірліктің белгісі ғой. Бұл жерде біздің бірлігіміз күшті болып тұр. Анталия қаласының студенттері Хассак комьюнитидің.
Үздік шыққан командаларға бағалы сыйлықтар табысталды. Ерекше шара аясында студенттер өз өнерлерін көрсетіп, ән салып, би биледі. Осымен екінші рет өткен «Бауырсақ пати» шарасының мақсаты – жырақта жүрген шәкірттердің елге сағынышын басып, шетелдіктерге ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, - дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы