Басты Жаңалықтар АҚШ – Иран келіссөзі сенбіде өтеді

АҚШ – Иран келіссөзі сенбіде өтеді

АҚШ – Иран келіссөзі алдағы сенбіде Исламабадта өтеді. Дегенмен оның нақты детальдары әзірге жарияланған жоқ. Ал тараптар Ливан мәселесіне қатысты ортақ келісімге келе алмай отыр. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

АҚШ пен Иран арасында екі апталық бітім жарияланғанына бір тәулік өтті. Ал Ормуз бұғазы іс жүзінде әлі ашылған жоқ. «Би-Би-Би-Си»-дің дерегінше, сәрсенбіде бұғаз арқылы бірнеше кеме өткен. Алайда көп ұзамай су жолы қайта жабылды. Бұған Израильдің Ливанда «Хезболла» тобының бекіністеріне шабуылды тоқтатпауы себеп болуы мүмкін. Кешегі соққыдан Ливанда 250-ден астам адам қаза тапты. Иранның сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Ливандағы әскери қимылдардың тоқтауы -  Иран мен АҚШ арасындағы уақытша бітімнің маңызды бөлігі. Израиль Ливанда соққыларын жалғастыра берсе, Тегеран атысты тоқтату режимінен шығуы мүмкін екенін ескертті.   

Иран мен АҚШ арасында атысты тоқтату шарттары айқын: АҚШ атысты доғаруды немесе Израиль арқылы соғысты жалғастыруды таңдауы керек. Доп АҚШ жағында және әлем қойылған міндеттемелердің орындалуын бақылап отыр.

Бұл бітім күші Ливанға қатысты екенін арағайындық танытқан Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф мәлімдеген еді. Ал АҚШ пен Израиль болса, мұны растамай отыр. 

Джей Ди Ванс, АҚШ вице-президенті:

Ирандықтар атысты тоқтату Ливанға да қатысты деп ойлаған сияқты. Бірақ олай емес. Біз ешқашан мұндай уәде берген жоқпыз. Бітім күші Иранды, Американың одақтастарын, Израиль мен Парсы шығанағындағы араб елдерін қамтиды. Дегенмен Израиль Ливанға қатысты ұстанымын сәл де болса қайта қарауға ұсыныс жасаған еді.

Израиль Таяу Шығысты соғыстың тоқтауы «Хезболла» тобына қарсы операцияға қатысы жоқ деп мәлімдеді. Бұған қоса Иранға кез келген сәтте қарсы тұруға дайын екенін жеткізді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Ұрысты кез келген уақытта бастауға сақадай-сай дайынбыз. АҚШ пен Иран арасында екі апталық бітім күшіне енді. Келісім Израильмен толық ынтымақтастықта жасалды. Сол себепті бұл біз үшін бір күтпеген жайт болған жоқ. Науқан осымен аяқталмағанын атап өткім келеді. 

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөзің бірінші раунды алдағы сенбіде Пәкістан астанасы Исламабадта өтеді. Құрама Штаттар делегациясын вице-президент Джей ди Вэнс бастап бармақ. Ал Иран жағынан парламент спикері Мұхамед Багер Галибаф пен сыртқы істер министрі Аббас Аракчи жетекшілік етеді. Келіссөз күрделі болмақ. Себебі көптеген сұрақ әлі шешімін тапқан жоқ. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран келісімнің барлық шартын орындамайынша, америкалық ұшақтар, әскери персонал Иран мен оның төңірегінде қалатынын ескертті. 


Бөлісу