Трамп Тегеранның атысты тоқтату туралы ұсыныстарын қабылдады
АҚШ пен Иран соғысты екі аптаға тотқтатуға келісті. Бұл шешімді Израиль қолдап отыр. Ал Тегеранда үлкен мереке. Алтыншы аптаға созылған қарулы қақтығыс доғаруға не себеп болды? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Бүгін Тегеран жұртшылығы таңсәріден көшелерге шығып, соғыстың тоқтауын мерекелеп жатыр. Бір жарым айға жуық созылған қарулы қақтығыс Таяу шығыстағы онға жуық елде бес мыңдай адамның өмірін қиды. Сол құрбандардың 1600-ден астамы – ирандықтар.
Айта кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Ормұз бұғазын ашпаса, сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні «тұтас өркениетті жер бетінен жоқ қылуға» уәде берген еді.
Алайда ультиматум мерзімі аяқталуға шақ қалғанда Құрама Штаттар лидерінің позициясы күрт өзгерді. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, Трампта басқа амал қалмаған тәрізді.
Джессика Генауэр, Жаңа Оңтүстік Уэлс университетінің мемлекеттік саясат институтының академиялық директоры:
Меніңше, қазіргі жағдайға қарап Трамп өзінің Иран билігіне қатысты мақсаттарының қысқа немесе орта мерзімдік перспективада орындалмайтынын түсінді. Және де ол соғыстан жеңімпаз болып шығу жолдарын көп іздеді. Ал Иран үкіметіне келсек, ол бұл дағдарыстан аман шықты. Оған күмәнім жоқ.
Айта кетсек, Трамп Иранның көпірлері мен электр станцияларын қирату райынан қайтып, 10 пункттен тұратын ұсынысты қабылдады. Бұған жауап ретінде Тегеран Ормұз бұғазын қайта ашуға келісті.
Ислам Республикасының талаптарына келсек, олардың қатарында Ормұз бұғазында кемелер қозғалысын Иран армиясының бақылауымен қамтамасыз ету, Иран мен оның одақтастарына қарсы соғысты тоқтату, АҚШ әскерлерін барлық аймақтық базалардан әкету, Иранға қарсы санкцияларды түгелдей алып тастау және Иранның шетелдегі есепшоттарын қайта ашу туралы талаптар бар.
Иран сыртқы істер министрлігі мәлімдегендей, мұндай уағдаластыққа Пәкістанның арағайындығымен қол жеткізілген.
«Иран Ислам Республикасының атынан құрметті бауырларым Пәкістан Премьер-министрі Шариф пен фельдмаршал Мунирге аймақтағы соғысты тоқтатуға бағытталған қажырлы еңбектері үшін алғысымды білдіремін. Және де АҚШ президентінің 10 тармақтан тұратын ұсынысымызды келіссөздерге негіз ретінде қабылдау туралы мәлімдемесін ескере отырып, Иранның Жоғарғы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің атынан мәлімдеймін: Егер Иранға қарсы шабуылдар доғарылса, біздің қуатты Қарулы Күштеріміз де қорғаныс операцияларын тоқтатады».
АҚШ пен Иран аталған 10 пунктті Пәкістан астанасы Исламабадта талқылауы керек. Және де сол келіссөздерге 15 күннен артық уақыт берілмей отыр.
Айта кетсек, Иран мемлекеттік телеарнасы Трамптың шешімін анти-ирандық риторикадан масқара болып шегіну деп сипаттады.
Ал Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левиттің мәлімдеуінше, АҚШ әскерінің айбыны Иранды Ормұз бұғазын қайта ашуға мәжбүрлеп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы