Басты Жаңалықтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні: Мектептерде ашық сабақ өтті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні: Мектептерде ашық сабақ өтті

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай еліміздің барлық мектептерінде «Мен таңдаған жол» атты жалпыұлттық ашық сабақтар өтуде. Елорда оқушылары Қазақстан тарихындағы жүзуден тұңғыш Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинмен кездесіп, ашық сабақты ерекше форматта өткізді.

Оқушылар үшін бұл жай ғана кездесу емес. Олар есімі әлемге танылған спортшымен бірге сабақ арасындағы үзілісте жасауға болатын жаттығуларды қайталады. Дмитрий Баландиннің айтуынша, мұндай сергіту сәттері оқушының ойын жинақтап,  сабаққа ширақ отыруына септігін тигізеді. Жиын барысында өскелең ұрпаққа салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, белсенді қозғалыс пен ұйқы режимін сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді. Балалар да сауалдарын қойып, белсенділік танытты. Оларды әсіресе «гаджетке тәуелділіктен қалай арылуға болады?», «кәсіби спортпен айналыспай-ақ денсаулықты сақтау мүмкін бе?» деген сұрақтар қызықтырды. Денсаулық сақтау вице-министрінің айтуынша, соңғы 10 жылда қазақстандықтардың 40 пайызы салауатты өмір салтын ұстануға көшкен. Алайда, балалар арасындағы артық салмақ мәселесі әлі де өзекті. Осыған байланысты бүгінде мектептегі тамақтану сапасына баса назар аударылып отыр. Елімізде жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынып, мектеп асханаларында жаңа стандарттар енгізілді.
Тимур Сұлтанғазиев, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
Онда тұздың мөлшері 5 есеге , қанттың мөлшері 3,5 есеге азайған. Көкөніс, жеміс-жидектердің мөлшері көбейтіліп, ақуыз, сүт тағамдарының мөлшері керісінше көбейді. Әрбір мектептерде түрлі сусындар, фастфуд дейді, қуырылған заттарды сату тыйым салынды.
Дмитрий Баландин, жүзуден Олимпиада чемпионы:
Салауатты өмір салты дегеніміз – ол тек қана кәсіби спортпен шұғылдану деген ұғым емес. Бұл ретте қимыл-қозғалыс, дұрыс тамақтану, уақытында тынығу маңызды. Сол қарапайым ұстанымдарды балаларға түсіндіруге тырыстым.
Шара аясында оқушылар дәрігерлік тексеруден өту мүмкіндігіне ие болды. Олар тіс дәрігеріне қаралып, көздің көру қабілетін тексертті. Сондай-ақ психолог мамандар оқушылармен сабақ өткізді.


Бөлісу