Елімізде соңғы 5 жылда аутизмге шалдыққандар саны 5 есе көбейді
Қазақстанда 21 мыңнан астам балаға аутизм диагнозы қойылған. Өкінішке қарай, бұл дертке шалдыққандар соңғы 5 жылда 5 есе көбейген. Аутистік спектордағы кінәраттың себептері әлі күнге толық анықталмай келеді. Бұл медициналық диагноз ғана емес, баланың дамуына, қарым-қатынас жасауына және қоғамға бейімделуіне әсер ететін күрделі жағдай. Сондықтан 2 сәуір дүние жүзінде аутизм туралы ақпарат тарату күні болып бекітілген.
Ескендір 6 жаста. 3 жыл бұрын баладан аутизм белгілері анықталған. Мамандардың көмегі және ата-анасының табандылығының арқасында біртіндеп сөйлеп үйрене бастаған. Анасының айтуынша, қазір ортаға бейімделіп келеді.
Сәуле Ғаббас, қала тұрғыны:
Алғашында сенбейсің, мұны өте ұзақ қабылдайсың. Бір орында тоқтап қалу болады. Әрине бұл әр ата-анаға өте қиын.
Сол қиындықты еңсергенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады дейді мамандар. Аутизм – ауру емес, даму ерекшелігі. Оны ерте бастан анықтап, түзету маңызды. Аутизммен бетпе-бет келген көп отбасы қиындықпен жалғыз күреседі, бұл дұрыс емес, дейді мамандар. Петропавл қаласындағы арнайы орталық 80 балаға қызмет көрсетеді. Тағы 50 адам кезекте тұр.
Назгүл Төртұлова, орталықтың директоры:
Ата-ана өзінің тезірек баланың бойындағы осы ерекшелікті қабылдап, оған көмек көрсетуге кірісіп кететін болса, мүмкіндігінше ол баланы әлеуметтендіріп, жалпы білім беру ұйымында білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасы құруына, өзінің достарының пайда болуына әсер етуге болады.
Әлемде әр 100 баланың біреуі аутизм диагнозымен өмірге келеді. Қазақстанда 21 мыңнан астам бала тіркеуде тұр. Мамандардың айтуынша, диагнозды дөп басқанның арқасында баланың бойындағы кінәратты ерте анықтауға болады.
Аягөз Жәкешова, бала психиатры:
2007 жылы 2 сәуір бүкіл әлемде аутизм туралы ақпаратты тарату күні болып бекітілді. Негізгі мақсат – ерекше адамдарды сыртқа теппей, қабылдау мәдениетін қалыптастыру және даму ерекшелігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы