Басты Жаңалықтар Трамп Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты үндеу жолдады

Трамп Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты үндеу жолдады

АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты телевизиялық үндеу жолдады. Алайда Құрама Штаттар лидері қарулы қақтығысты аяқтау мерзімін нақты атамады, тез тәмамдаймыз деген уәдемен шектелді. Осы сәтте аймақта қауіп туралы дабыл қағылып, мұнай бағасы бірден 5 пайызға қымбаттады. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға байланысты телевизиялық үндеу жасады. Айтуынша, Америка Ислам Республикасындағы мақсаттарына жетуге жақын. Бірақ Трамп бесінші аптаға ұласқан соғысты аяқтаудың нақты мерзімін атамады. Керісінше, Иранды бомбалап, «Тас дәуіріне» қайтаруға уәде берді.

«Рейтер» агенттігі мен «Ипсос» компаниясы жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, америкалықтардың 66 пайызы Таяу Шығыстағы соғыстың тезірек аяқталғанын қалайды.

Ал «CNN» Трамп рейтингінің 31 пайызға дейін құлдырағанын хабарлап отыр.

19 минуттық жолдауында Құрама Штаттар лидері Ормұз бұғазын ашу, Иран уранын тәркілеу тәрізді маңызды мәселелерді айналып өтуге тырысып, Тегеранның әскери әлеуетін жойдық дегеннен әрі аспады.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

Біз олардың Америка мен өзгелерге қауіп төндіру қабілетіне нұқсан келтіріп жатырмыз. Иран флоты түгел қирап, әскери әуе күштері бұрын-соңды болмаған жағдайға дейін зақымданды. Бұл шаруа қолымыздан келді. Олардың ракеталары таусылуға жақын немесе істен шықты деуге болады.

Трамп соғысты тез тоқтатамын, Иран келіссөздерге көнбесе, энергетикалық нысандарын жоямын, Ислам Республикасы ракетасыз қалуға таяды деп тұрғанда Доха мен Тель-Авивте дабыл қағылып жатты.

Осылайша, Иран қанша шығынға ұшырап жатса да, Таяу Шығыстың берекесін қашыруға әлі де қауқарлы екенін көрсетіп отыр.

АҚШ президентінің қарулы қақтығысты тәмамдаудың анық жоспарын осы жолы да ұсынбауы әлем нарығын тағы да алаңдатып отыр. Бірер сағат бұрын мұнай бағасы 5 пайызға қымбаттап, 108 долларға жақындады.

Иранға қарсы соғыстан энергия қымбаттап, оның зардабын америкалықтар да тарта бастағанын Трамптың өзі мойындады.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

Көптеген америкалық елімізде жанармайдың қымбаттауына алаңдап отыр. Бағаның өсуі уақытша деп ойлаймын. Мұның бәріне жанжалға ешқандай қатысы жоқ коммерциялық кемелер мен көрші елдерге террорлық шабуыл жасаған Иран кінәлі.

Трамптың пікірінше, Американың Ұлыбритания, Франция тәрізді одақтастары Ормұз бұғазын ашуға көмектесіп, әлемдік нарықтағы жағдайды жеңілдетуге атсалысуы керек.

Осы аптада Ақ үй басшысы тіпті 76 жыл бұрын құрылған НАТО-дан АҚШ-ты шығару мәселесін де көтерді. Айта кетсек, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операцияны Солтүстікатлантикалық альянспен ақылдаспай бастады. Және де билікке екінші рет келгеннен кейін Трамп НАТО-ны талай рет ашық жекіп, оны шын мәнінде осал, тиімсіз, қауіпке қарсы тұра алмайтын «қағаз жолбарыс» деп атағаны бар.


Бөлісу