Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубио Иранға қарсы соғыстың 2-3 аптада аяқталатынын мәлімдеді. Осылайша Америка әкімшілігі Тегеранмен тікелей келіссөздер арқылы да, тіпті ешқандай келісім жасамай-ақ та, әскери жанжалды тәмамдауға ашық сыңай танытып отыр.

Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан кеме жолдары жабылғандықтан, Кения қоймаларында 8 миллион келі шай жиналып қалды. Егер қарулы қақтығыс ұзаққа созылып кететін болса, африкалық елде талай ферма қаражатсыз қалып, мыңдаған адам аштыққа ұшырауы мүмкін.

Франция Сенаты 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіні қолдануына тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Президент Эммануэль Макрон кейбір ата-аналардан қолдау тауып, жасөспірімдердің көбіне ұнамаған ереженің жаңа оқу жылына дейін күшіне енгенін қалайды.

Бүгін Үндістанда халық санағы басталды. Бір жылға созылатын науқанға 3 миллиондай мемлекеттік қызметкер тартылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Үндістан тұрғындарының саны жағынан Қытайды 2023 жылы басып озды. Сол кезде бұл оңтүстіказиялық мемлекетте 1,4 миллиардтан астам адам тұрған.

Бүгін Американың әйгілі Apple компаниясының құрылғанына тура 50 жыл толды. Оның тарихы Стив Джобс 1976 жылы Лос-Альтос қаласындағы ата-анасы үйінің гаражында компьютер жинауға кіріскеннен басталды. Ал бүгінде  Apple нарықтық құны 4 триллион долларға жуықтаған жаһандық технологиялық титанға айналып отыр.


Бөлісу