Басты Жаңалықтар WSJ: Трамп Таяу Шығыстағы соғысты аяқтағысы келеді

WSJ: Трамп Таяу Шығыстағы соғысты аяқтағысы келеді

АҚШ президенті Дональд Трамп өз көмекшілеріне Иранға қарсы соғысты аяқтағысы келетінін айтқан. Осы хабардан кейін әлем нарығында мұнай бағасы біршама арзандады. Ал Мысыр президенті Таяу Шығыстағы қарулы жанжал қазір тоқтамаса, оның зардабын. дүниежүзінде миллиардтаған адам тартатынын ескертті. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ормұз бұғазы ашылмаса да, Иранға қарсы соғысты аяқтағысы келеді. Мұны Американың «Уолл Стрит Джорнал» газеті хабарлады. Басылымның дерегінше, Трамп Ислам Республикасының теңіз флоты мен ракеталық арсеналына аяусыз соққы берілді деп есептейді. Сондықтан ол сауда жолын қайта ашу үшін Тегеранға енді дипломатиялық тәсілмен қысым жасауды көздеп отыр.

Ақ үйдің баспасөз қызметі мәлімдегендей, ақпанның 28-де басталған операцияның әу-бастағы мақсаты – Ислам Республикасын қауіп төндіретінін қауқарынан айыру еді.

Кэролайн Левитт, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:
Қалай десек те, Иран Құрама Штаттар мен оның одақтастарына нақты қауіп төндіретін қабілетінінен айрылды деуге болады. Президент «Эпикалық қаһар» операциясын бастағанда осыны негізгі мақсат әрі миссия етіп таңдады.

Бірер сағат бұрын осы мәселеге қатысты АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио түсініктеме беріп, Ормұз бұғазының «ерте ме, кеш пе» қайта ашылатынын мәлімдеді.

Құрама Штаттар бас дипломатының сөзінше, Иран дүниежүзі мұнайының 20 пайызы өтетін су жолын бөгеуді жалғастырса, АҚШ пен оның одақтастарының ғана, әлемнің де үлкен қарсылығынан зардап шегеді.

Ал Мысыр президентінің ойынша, Трамп соғысты қазір тоқтатпаса, әлем экономикасының жағдайы тіпті қиындауы мүмкін.

Әбдел Фаттах Әс-Сиси, Мысыр Президенті:

Энергетикалық нысандарды әдейі атқылау жаһан экономикасы мен отын нарығына үлкен зардап әкеледі. Баға күрт көтеріліп, мұнай баррелінің құны 200 доллардан асып кетуі мүмкін. Бұл – артық айтқандық емес. Қымбатшылық бүкіл әлем қолданатын тыңайтқыштарды да айналып өтпейді. Демек азық-түлік өндірісі қиындайды. Ал ауылшаруашылығы өндірісіне дүниежүзінде 8 миллиард адам тәуелді.

Трамптың Таяу Шығыстағы әскери операцияны тәмамдағысы келетіні жайлы хабар тарағаннан кейін Brent маркалы мұнай 1 пайызға арзандап, 111 доллар 56 центке сатылды. Айта кетсек, Иран Ормұз бұғазын іс жүзінде жапқалы, яғни наурыздың басынан бері бұл шикізаттің бағасы 59 пайызға өскен екен.


Бөлісу