Басты Жаңалықтар Трамп Ислам республикасына жаяу әскер кіргізгісі келетінін мәлімдеді

Трамп Ислам республикасына жаяу әскер кіргізгісі келетінін мәлімдеді

Таяу Шығыстағы соғыстың басталғанына бір айдан асты. АҚШ әкімшілігі енді Иранды жаяу әскердің күшімен бағындыру ниетін ашық жариялады. Алайда Тегеран ел аумағына америкалық десант қонса, оларды қырып қана қоймай, Парсы шығанағы елдеріне басып кіретінін ескертті. Тағы бір айта кететін жайт - аймақтағы шайқасқа йемендік хуситтер де қосылды. Бұл фактор да энергетикалық нарықты алаңдатып, мұнай бағасының 115 долларға жуықтауына түрткі болып отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мұнайын иелену үшін осы елдің Харг аралын басып алғысы келеді. Мұны Құрама Штаттар жетекшісі Британияның «Файниэншл таймс» газетіне берген сұқбатында ашық мәлімдеді.

Харг арқылы Ислам Республикасы мұнайының 90 пайызы экспортталады. Егер стратегиялық арал Американың бақылауына өтетін болса, Иранның энергетикалық саудасы тоқтап, ел экономикасы күрт құлдырауы мүмкін. Дегенмен Трамптың сөзіне сүйенсек, Вашингтон мен Тегеран қазір соғыспен шектелмей, тығырықтан шығу үшін дипломатияға да жүгініп жатыр. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Сонымен біз Иранмен жақсы келіссөздер өткіздік. Олардан аламыз дегеніміздің көбін алдық. Бәрі жақсы жүріп жатыр. Иранның теңіз флотын, әуе күштерін жойдық. Енді тікелей және делдалдар арқылы диалог жүргізіп жатырмыз.

Алайда Иран парламенті спикерінің ойынша, АҚШ Пәкістанда өткен келіссөздерді Таяу Шығысқа қосымша әскер аттандыруды бүркемелеу үшін ұйымдастырды.

Және де Мұхаммед Багер Қалибаф Иранның америкалық сарбаздарды күтіп отырғанын және оларды өртеп жіберуге дайын екенін, мұнымен қоймай Вашингтонның аймақтағы одақтастарын жазалайтынын да ескертті.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, АҚШ жаяу әскердің күшімен Харгты жылдам жаулағанымен, аралды ұстап тұру оңайға соқпас. Себебі пентагондық жауынгерлер ирандық ракеталар мен дрондардың ғана емес, тіпті жақын жердегі материктік Иранның артиллериялық соққысына ұшырап, қырылуы ғажап емес.

Тағы бір айта кететін жайт, ресми Тегеран АҚШ-тан 15 пунктен тұратын ұысыныс алғанын мойындағанымен, Трамптың келіссөз туралы мәлімдемесін растамай

Эсмаил Багаи, Иран сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

Осы күнге дейін арамызда тікелей келіссөз өткен жоқ. АҚШ-тың қойып отырған талаптары қисынсыз, шектен шыққан және өмір шындығынан алыс. Ал Пәкістандағы кездесуге біздің тарап қатысқан жоқ.

Соңғы тәулікте Иран мен йемендік хуситтер Израильге зымыран жіберіп, Хайфада мұнай өңдеу зауыты өртенді. Ал Сауд Арабиясы Иранның бес ракетасын құлатса, Бахрейде әуе шабуылы жайлы дабыл қағылды. Кувейт болса электр станциясы мен суды тұзсыздандыратын зауытта ирандық снарядтан 10 адам жараланғанын хабарлап отыр.

Егер АҚШ Иран жеріне десант қондыратын болса, Тегеран Парсы шығанағын миналап қана қоймай, аталған мемлекеттерде жаяу әскер операциясын бастайтынын ескертіп отыр.

Бөлісу