Мәскеудегі Қазақстан павильонына келушілер көбейді
Мәскеудегі Қазақстан павильонына қызығушылық артқан. Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде орналасқан ғимаратқа бір жылда бір миллионнан астам адам келеді. 2017 жылы қайтадан қалпына келтірілген соң ұлттық үйірмелер де ашылды.
Көрмедегі қазақ павильоны алғаш рет 1937 жылы ашылған. Ол алты бұрыштан тұратын, галереялармен қоршалған, декоративті мұнарасы бар ғимаратта орналасқан еді. Бүгін павильонның кіреберіс аркасында қонақтарды ақын Жамбыл Жабаев пен Социалистік еңбек ері Шығанақ Берсиевтің мүсіні қарсы алып тұр.
Тамара Бабакова, Қазақстан павильонының басшысы:
Павильон ашылғалы бері келушілердің қарасы қалың. Төрт жылда төрт миллион адам келді. Қазақстан павильоны халық шаруашылығындағы көрменің ішіндегі ең үздіктерінің бірі, сондықтан болар сұраныс жоғары. Әр жексенбі сайын тегін домбыра үйірмелері ұйымдастырылып, қазақ тілі сабағы өтеді.
Еліміздің өткені мен бүгінінен сыр шертетін павильонның жалпы аумағы – бес мың шаршы метрге жуық. Ғимараттың басты бөлігінде еліміздің тарихымен, мәдениетімен, сондай-ақ елді дамытудың стратегиялық бағдарламаларымен танысуға арналған ақпараттар ұсынылған. Жалпы, мұнда қазақтың ұлттық киімін, тағамдарын да табуға болады.
Елена Кондакова, кәсіпкер:
Көптеген шетелдік Қазақстан өнімдеріне қызығады. Әсіресе жылқы еті, қымыз жоғары қызығушылыққа ие. Біз де өз кезегімізде ұлттық дәмді ұсынуға тырысамыз.
«Қазақстан» павильоны «Құрылыс саласындағы ең үздік іске асырылған жоба» байқауында да жеңімпаз атанды. Алдағы уақытта ұлттық дәстүрге үндейтін үйірмелердің санын арттыру жоспарда бар. Жуырда Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың бюсті де осы павильонға қойылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы