Басты Жаңалықтар «Алматы – Өскемен» жолының 213–234 шақырымын жөндейді

«Алматы – Өскемен» жолының 213–234 шақырымын жөндейді

Алматы мен Жетісу облыстарын жалғайтын республикалық тасжолында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жауаптылардың айтуынша, құрылыс «Алматы – Өскемен» автомобиль жолының 213–234 шақырым аралығында өтеді. Жоба аясында жол жабыны толық жаңартылып, қауіпсіздік талаптарына сай инфрақұрылым орнатылады. Қазір құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Алматы – Өскемен республикалық автожолының сапасы өзекті мәселе. Себебі бұл екі өңірді байланыстыратын негізгі бағыт, әрі мұнда көлік ағыны да жоғары. Қазір Алғабас пен Жамбыл елді мекендерін жалғайтын 21 шақырымдық учаскеде асфальт төсеуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар қазынды беткейлерін реттеп, негізгі жер жұмыстарын бастап кеткен. Қалааралық қатынасты үзбеу үшін учаскенің кейбір бөліктерінде реверсивті қозғалыс ұйымдастырылмақ.

Берік Жайсанбаев, жоба жетекшісі:

Жол 3, 7 шақырымнан кезең-кезеңімен жабылады. Бір бағыт біткен соң, жұмыс екінші жаққа ауысады. Қауіпсіздік үшін уақытша белгілер қойылып, көліктер сол арқылы бағытталады. Сондай-ақ уақытша айналма жол қарастырылған. Учаскеде қозғалысты реттеу үшін уақытша, ескерту және бағыттаушы жол белгілері орнатылады.

Мамандардың айтуынша, учаскеде жол жабыны жаңартылып, су өткізгіш құбырлар орнатылады. Сондай-ақ мал айдайтын өткелдер салынып, су бұру жүйесі жасалады. Бұл қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, өңірдегі көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар республикалық автожолды жаңғырту аясында Талдықорған қаласына дейін орташа жөндеу жүргізу де жоспарланған.

Нұрқат Ақылтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры:

Алматы облысы мен Жетісу облысының шекарасынан бастап Талдықорған қаласына дейін бізде орташа жөндеу жұмыстары да қарастырылған. Ол жақта толықтай жолдың беткі жамылғысы бес сантиметр толықтай ауыстырылатын болады және де термопластпен жол сызықтары және де жол белгілері толықтай ауыстырылып, жол қауіпсіздігі қалыпқа келтірілетін болады.

Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары толық аяқталса, өңірдегі республикалық жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 100 пайызға жетеді.

Бөлісу