Басты Жаңалықтар Түркия халқы қартайып барады

Түркия халқы қартайып барады

Әлем халқы қартайып барады. Бүгінде адамзаттың орташа өмір сүру ұзақтығы 81 жасқа жеткен. БҰҰ есебінше 2050 жылға қарай 60 жастан асқан азаматтардың саны қазіргіден екі есе көбейіп, 2,1 млрд адамға жетпек. Тұрғындары жылдам қартайып бара жатқан елдердің қатарында Түркия да бар. Ел билігі бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жаңа бағдаралама қабылдады. Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалы.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Ресми санақ бойынша, 86 млннан аса тұрғыны бар Түркияның халқы қартайып барады. 14 жасқа дейінгі балалар саны күрт азайып, өткен жылы халықтың тек 20 пайызы болған. Себебі елде 2014 жылдан бері туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Мамандар қазіргі мәселе халық санын өсіру емес тым болмағанда тұрақты ұстап тұру дейді.

21 ғасырда әлемнің бірқатар елі бетпе бет келген қартаю мәселесі Түркияны да айналып өтпеді. Елде 15 пен 64 жас аралығында яғни жұмыс жасындағы адам саны азайып барады. Егер мұны уақытылы шешпесе болашақта үлкен әлеуметтік-экономикалық проблемаға әкеледі дейді мамандар.

Синем Короу, Әлеуметтанушы:

Елімізде жалғызбасты адамдар көбейген. Бұрындары мұндай тек үлкен қалаларда ғана болатын еді. Қазір ауылдарда да көп. Бұл мәселені тек мемлекет шешуі керек демей, әр отбасы бұған үлес қосуы қажет. Әсіресе жастарға ерте бастан отбасы құндылықтарын сіңірген дұрыс.

Ал түркиялық жастардың көбі үйлену мен бала туу мәселесіне экономикалық жағдай кедергі дейді. Әсіресе үлкен қалада аяққа тұру үшін күндіз-түні жұмыс істеу керек. Сондықтан отбасын құру кейінге ысырыла береді.

Мәселені шешу үшін ел билігі алдағы 10 жылды отбасы жылы деп жариялады. Сондай-ақ жаңа туған әр балаға жәрдемақы төлеу туралы шешім шығарды. Бұған дейін Түркияда балаға жөргекпұл төлеу жүйесі болмаған еді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

2025-2035 жылдар аралығындағы 10 жылды «Отбасы және халық жылы» деп жарияладық. Сондай-ақ бала тууға берілетін жәрдемақы көлемін де арттырдық. Алғашқы балаға бес мың лира, екінші бала бес жасқа келгенше 1500 лира ал үшінші және одан кейінгі әр балаға бес мың лира ай сайынғы жөргекпұл тағайындадық.

Бір ғана жәрдемақымен мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес. Сондықтан халықтың, әсіресе жастардың санасын өзгертіп, ертерек отау құруға, балалы шағалы болуға ынталандыратын бағдарламалар қажет дейді мамандар.

Бөлісу