Басты Жаңалықтар «Қаллеки» театры үздіктерді анықтады

«Қаллеки» театры үздіктерді анықтады

Театр – өмірдің, ал сахна, жан сарайының айнасы. Театр талай тағдыр тоғысатын, сан түрлі сезім суреттелетін мәдени орда. Бүгін «Қаллеки» театрында халықаралық театр күні аясында салтанатты шара болды. Онда жыл үздіктері марапатталды.

Көп адам салтанат сарайындағы сахнадан өзін көріп қайтады. Көрерменнің күліп те, күңіреніп те кетуі кәдік. Ғабит Мүсіреповтің «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» дейтіні сондықтан. 

Ербол Қабылбеков, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының директоры:

Театр - тірі организм дейді. Осы тірі организмді дамыту, осы қарашаңырақтың тоқтап қалмауы, бұл жерде көрерменнің алатын жолы да зор екенін айтқым келеді. Біз үшін әрдайым мәртебелі көрермен. Біз мәртебелі көрерменге әрдайым жұмыс істейміз.

Өнер ұжымы соңғы бір жылда 10-ға жуық жаңа қойылымды жарыққа шығарды. Солардың барлығына театр тарландары кәсіби талдау жүргізіп, үздіктерді анықтады. Мұндағы мақсат шығармашылықты шыңдау, мамандардың кәсіби біліктіліген көтеру. 

Меруерт Жақсылықова, сарапшылар алқасының төрайымы, театртанушы:

Театрдың қандай бағытта жылжып бара жатқанын көрдік. Классикалық шығармалармен бірге заманауи шығармаларға мол мүмкіндік берілген. Актерлік құрамның потенциалы керемет. Актерлердің кең тынысты әншілігін, шебер пластикасын байқадым.

Қуандық Қыстықбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Өзіміздің төл авторлардан бөлек, шетелдік классикалық туындылар қойылды. «Анна Каренинадан» бастап, «Romeo & Juliet» спектаклі жаңаша қырдан қойылды. Өзгеше көзқараспен қойылды. Осындай осындай жобалармен халықты қуантып жатырмыз.  

«Қаллеки» театры биыл 35 жылдық белеске шықты. Сондықтан бұл тек киелі сахна жүрген жандардың емес, барша руханият жанашырларының ортақ мерекесі. Өнер ұжымы жыл бедерінде жаңа туындылармен қалың көрерменді қуантпақ.

Бөлісу