Әлем жаңалықтарына шолу
Иран АҚШ ұсынған атысты тоқтату жоспарын қарастырғанымен, Вашингтонмен келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Мұны осы елдің сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп мамырдың 14-15-і күндері Қытайға баратынын растады. Сонымен қатар ол әріптесі Си Цзиньпинмен жыл соңында Вашингтонда да кездесуді жоспарлап отыр. Айта кетсек, Трамптың Бейжіңге келесі аптада басталуы керек мемлекеттік сапары Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты кейінге қалдырылған еді.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының аяқталу мүмкіндігінің әзірге көрінбеуі энергетикалық нарықты бүгін де алаңдатып отыр. Соңғы мәліметке қарағанда, мұнай бағасы 3 пайыздан астам қымбаттап, Brent маркалы шикізат баррелінің құны 105 доллар 75 центке жетті.
Бангладеште 40 адам мінген жолаушылар автобус паромға мінерде Падма өзеніне құлап кетті. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, кемінде 24 адам қаза тапқан. Дайверлер мен құтқарушылар әзірге 22 мәйітті су жағасына шығарды.
Жығылғанға жұдырық. Екі жылдық соғыстан тас-талқаны шыққан Газа секторында жауын құйып, босқындар лагерлеріндегі шатырларды су басып жатыр. Әзірге құрбандар туралы ақпарат түскен жоқ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы