Басты Жаңалықтар Мәскеуде Наурыз мерекесін атап өтті

Мәскеуде Наурыз мерекесін атап өтті

Мәскеу төрінде Әз Наурызды атап өтті. Ресей астанасындағы Қазақстан павильонында қандастар, көрші елде уақытша тұрып жатқан отандастар, студенттер, дипломаттар мен шетелдіктер де мерекеге қатысты. Бұл күні ақ дастархан жайылып, келгендер Наурыз көжеден дәм татты.

Жер дүние жаңарып, оның сәні мен мәнін паш ететін Наурыз мерекесі Мәскеуде жыл сайын атап өтіледі. Ресейдің барлық өңірлерінен келген қазақтар арқа-жарқа.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

Наурыз тек күн мен түннің теңесетін уақыты ғана емес, бұл табиғаттың түлеп, тіршіліктің жаңаратын, адам баласының пейілі кеңейіп, өкпе-ренішті ұмытатын ұлылықтың нышаны. Осынау қасиетті мерекеде әр шаңыраққа ырыс пен береке, әр азаматқа мықты денсаулық пен таусылмас жігер тілеймін.

Қазақстан павильонында бұл күні көрме ұйымдастырылып, келгендер Наурыздың тарихына терең бойлады. Қазақтың салты, дәстүрі, тілі мен мәдениетіне соңғы уақытта қызығушылық жоғары. Сондықтан болар мерекеге өзге мемлекеттердің елшілері, дипломаттары, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл күні қазақтың әуезді әні шырқалды.

Гүлшат Алимова, қалалық қазақ ұлттық мәдение автономиясының вице-президенті:

Наурыз мерекесі құтты болсын. Барлық қазақтарға аспанымыз ашық, жұртымыз тыныш болсын. Егемен еліміздің әр азаматы Отанымызға өз үлесін көрсете берсін.

Әлия Елеусінқызы, Астрахань облысының тұрғыны:

Қазақ елінің әз мерекесі, Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Біздер Ресейдің Астрахань облысында 150 мыңдай қазақ бауырларымыз тұрады.

Наурыз алдымен бейбітшілік пен бауырмалдықтың мерекесі. Жиналғандар бір біріне жыл басы жақсылықпен келсін, деп ақ тілек жаудырды. Үлкендер биден жарыс өткізіп, мереке көркін қыздырды.

Ұлыстың ұлы мерекесі Ресейдің өзге де өңірлерінде атап өтіледі.


Бөлісу