Өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ₸1,1 млрд әлеуметтік төлемдер аударған
Қазір елде 370 мыңға жуық азамат интернет платформа арқылы жұмыс істеп жатыр. Биылдың өзінде олар 1,1 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер аударған. Жаңа Салық кодексіне сәйкес өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арнайы салық режимі енгізілді. Соның аясында олар тек табысының 4 пайызын әлеуметтік төлемдерге төлейді. Дегенмен арнайы салық режимін қолданудың өз шарттары бар. Ол үшін азамат жеке кәсіпкер болмауы және жұмысшы жалдамауы тиіс. Сондай-ақ үкімет бекіткен тек 40 түрлі қызметпен айналысуы керек. Ал табысы 300 АЕК-тен аспау қажет. Егер осы талаптарға толық сәйкес келетін болса, азаматтар қосымша құн салығынан және жеке табыс салығын төлеуден, сондай-ақ есептіліктен босатылады.
Сейілжан Ахметов, ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:
Қазіргі уақытта өзін өзі жұмыспен қамтушылар мен серіктестік өкілдері арнайы салық режиміне көшу үшін жеке кәсіпкер ретінде есептен шығуы қажет. Арнайы салық режимі E-Salyq Business мобильді қосымшасында алғашқы чек жасалған күннен бастап қолданылады.
Сондай-ақ электрондық саудадағы қосымша құн салығын әкімшілендіру аясында бюджетке 146,5 млрд теңге қаржы түскен. Бұл елімізде цифрлық қызметтер көрсететін шетелдік интернет-компаниялардан түскен қаражат. Олардың қатарында, Apple, Amazon, Alibaba, Temu, TikTok сынды платформалар мен маркетплейстер бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы