Басты Жаңалықтар Шетелдегі жастар референдумда белсенділік танытты

Шетелдегі жастар референдумда белсенділік танытты

Шетте жүрген отандастырымыздың дауыс беруі үшін 54 мемлекетте референдум учаскелері жұмыс істеді. Әсіресе жырақта жүрген жігерлі жастар ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдауда тыс қалмады.
Түркияда халықтың белсенділігі өте жоғары болды. Конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс беріп жатқандардың басым бөлігі осында оқитын студенттер. Олар әр қаладан лек-легімен келіп дауыс беріп жатыр. Тіпті жастардың көптігінен референдум учаскесінің іші-сыртында ұзын сонар кезек қалыптасты.
Инабат Хайролла, Ыстанбұлдағы Бахчешехир университетінің студенті:
Түркия мемлекетінде екінші курста оқып жатырмын. Өзімнің даусымды беруге осы посольствоға келген болатынмын. Менің ойымша халық болған соң әркімнің даусы маңызды деп санаймын. Әркімнің өз ойы бар менің ойым осындай.
Еуропадағы қазақстандық жастар да референдумға ерекше белсенділікпен қатысты. Италиядағы Қазақстан елшілігінде орналасқан №409 учаскеде студенттер дауыс беру үшін ұзын- сонар кезекке тұрды. Римге келе алмаған қазақстандықтар үшін комиссия мүшелері жылжымалы жәшіктерді алып, Милан қаласында көшпелі дауыс беруді ұйымдастырды.
Даниал Жаңабай, Студент:
Меніңше дауыс беру өте маңызды. Себебі, әр азаматтың жауапкершілігі және осы арқылы біз еліміздің болашағына үлес қоса аламыз.
Елдің дамуы мен жаңаруы үшін тарихи кезеңде Ресейде жүрген жастар да өз ұстанымын білдірді. Көрші елде оқып жатқан студенттер, халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін жастар таңғы жеті болмай, Мәскеудегі референдум учаскесіне келді.
Кезекте тұрғандардың арасында алғаш рет дауыс беріп, ел болашағына өз үлесін қосып жатқан жастар да бар. Олар референдумға жауапкершілікпен қарап, тіпті шалғай облыстардан арнайы дауыс беру үшін Ресей астанасына келген.
Тоғжан Жұбаныш, Қазақстандық студенттер бірлестігінің басшысы:
Қазақстандық студенттер бірлестігінің басшысы болып табыламын. Осы референдумға келуімнің себебім, себебі бұл әрбір азаматтың парызы, борышы деп санаймын. Сондықтан мен де өз парызымды орындап, келіп тұрмын.
Малайзиядағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер нөмірі 423 учаскесінде дауыс беріп, бұл күнге ерекше дайындалды. Кейбір жастарымыз ұлттық киімде келіп, өз таңдауын жасады.

Бөлісу