Ербол Хамитов - Паралимпиада ойындарының чемпионы
Италиядан сүйінші жаңалық! Қоржынымызға Паралимпиада алтыны бұйырды. Осыдан үш күн бұрын қолаға қол жеткізген жерлесіміз Ербол Хамитов бұл жолы парабиатлонның 4,5 шақырымдық бәсекесінде қарсылас шыдатпады. Жарқын жеңістің куәсі болған әріптесіміз Азат Қадырбек чемпионмен тілдесті.
Күнделігіме «Паралимпиада чемпионы» деп жазып қойған едім. Бұл Ербол Хамитовтың мәреден кейін айтқан алғашқы сөзі. Ерге тән мінез көрсеткен Ербол 4,5 шақырымдық із қуу жарысының іріктеу кезеңінде де үздік уақыт көрсеткішін тіркеді. Нысана көздеуде де, шаңғы жарысында да қарсыластар отандасымыздың шаңына ілесе алмады. Әсіресе жеңімпаздың есімі анықталатын финалдық бәсекеде парабиатлоншымыз бірден алға ұмтылды. Шұғыл бұрылыстарда жылдамдығын бәсеңдетпеді. Тіпті мәреге жеке дара келіп, күміспен күптелген украиналық қарсыласын 21 секундқа басып озды.
Бұл сында бақ сынаған отандастарымыз Юрий Березин 19, ал Сергей Усольцев 23-нәтижені тіркеді. Ерболдың өзіне тоқталар болсақ, өмірдің соқпағына мойымаған қайсар жан әуелде джиу-джитсуды серік етіп, аралас жекпе-жекте де біраз белесті бағындырған. Уақыт өте келе паралимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріп, таңдауынан жаңылмағанын дәлелдеп отыр.
Енді 14 наурызда жерлестеріміз пара шаңғы жарысының эстафетасында, ал Ақ ойындардың соңғы күнінде 20 шақырымда жүлдеге таласады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы