Басты Жаңалықтар Ресейде қазақ жастар ұйымының саны артты

Ресейде қазақ жастар ұйымының саны артты

Ресейде қазақ жастар ұйымының саны артты. Жылдан жылға ана тілін насихаттап, дәстүрді дәріптеп жүрген қандастар ұлттық құндылықтарға ерекше мән береді. Тек Татарстанда бір жылда қазақ ұйымы 400-ден астам шара өткізген.

Татарстанда Ресейдегі жалғыз ассамблея ұйымы бар. Онда қазақ диаспорасының өкілдері де белсенді. Қазақ тілі сабағы оқытылып, ұлттық үйірмелер де жұмыс істеп тұр. Шетте жүрсек те, өз дәстүрімізді насихаттап жүрміз, дейді олар.

Рената Исмұрзаева, Татарстандағы қазақ жастары ұйымының төрайымы:

Біз Татарстанда қазақ сұлулық байқауын төрт жылдан бері өткізіп келеміз. Басты мақсатымыз бай мәдениетімізді насихаттау, озық қазақ дәстүрін көрсету. Байқауымызға тек қандастар емес, тіпті өзге ұлт өкілдері де қатысуға ниет білдіруде.

Жалпы барлық ұлттық мерекеде Қазандағы қазақтар қалыс қалмайды.  Шәкәрім, Жамбыл оқулары да өтіп тұрады. Жуырда Ұлттық кітапханаға Абайдың 19 кітабы тарту етілді.

Ренат Қалиев, Татарстан қазақ автономиялық ұйымы төрағасының орынбасары:

Ұлттық кодымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңірудеміз. Әр жексенбі сайын домбыра сабақтарын өткіземіз. Сондай-ақ Ресейдің өзге өңірлеріндегі қандастарымызбен байланысымыз үзілген емес.

Татарстанда Қазақстанның облыстарының мәдени күндерін өткізу бастамасы да қолдау тапқан. Себебі қазақтың күйіне, әніне, ұлттық  дәстүріне өзге ұлт өкілдерінің тарапынан қызығушылық артып отыр. «Хазинэ» ұлттық өнер галереясы қазақтың ақын-жазушылары мен өнер иелерінің шығармашылығы насихатталуда. Галереяға татар суретшілері «Абай жұмыс үстінде» картиналарын ұсынып, жыр жампозы Жамбыл Жабаевтың, биші Шара Жиенқұлованың, Ілияс Жансүгіровтің портретін қойған.


Бөлісу