«Ерекше» фильмінің премьерасы өтті
Елімізде бочча паралимпиадалық спортшылардың өмірі туралы толықметражды фильм көрерменге жол тартады. «Ерекше» деп аталған туындыда тағдыр сынына мойымаған жандар жайында баяндалады.
Бочча - рухы мықтылардың ойыны. Фильмде жеңіске деген жігер, адалдық пен махаббат көрініс тапқан. Ерекше жандардың өмірге құштарлығы суреттеледі, мұқалмас жігер мен шексіз мейірімге толы оқиғаны көрсетеді. Фильм көрерменді күлдіре отырып, терең ойға жетелейді. Жаңа туындыда кәсіби актерлермен қатар боччамен айналысатын параспортшылар да өнер көрсетеді. Кинокартина Қазақстан бочча федерациясының қолдауымен түсірілген.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Қазақстан Бочча федерациясының президенті:
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда инклюзивті қоғам құруға үлкен мән берілуде. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үнемі назар аударып, осы мәселелерді көтеріп, тиісті тапсырмалар беріп, осы бағытта соңғы жылдары жұмыс жасалуда. Осы бағыттағы ең үлкен сұрақтардың бірі адамдардың, қоғамның осы мәселелерге көзқарасын өзгерту. Бір жаңа ұстанымдарды қалыптастыру. Жаңа көзқарастардың пайда болуына үлес қосу. Сол себепті бүгінгі туынды үлкен рөл атқарады деп сенеміз.
Басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан сомдаған. Фильм 19 наурыздан бастап Kinopark кинотеатрлар желісінде прокатқа шығады. Туындыдан түскен қаржы мүгедектігі бар балаларды қолдауға жұмсалады.
Жасұлан Көпберген, актер:
«Ерекше» фильмінде басты кейіпкерін сомдадым. Бұл өте жылы фильм болады деп ойлаймыз. Адамдарға берері көп. Ең бірінші, сенімдеріңізге рахмет! Әрине, оның бағасын көрермен береді. Қатты қобалжып тұрмыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы