Басты Жаңалықтар Қыз-келіншектер ердің ісін игеріп, өндірістің ауыр жүгін көтеріп жүр

Қыз-келіншектер ердің ісін игеріп, өндірістің ауыр жүгін көтеріп жүр

Талдықорғанда ердің ісін еңсерген арулар аз емес. Мәселен, Сәуле Исаева қаланы электр энергиясымен қамту ісіне үлес қосып жүрген білікті маман. Ал Арайлы Иманқұлова – темірден түйін түйген тәжірибелі дәнекерлеуші. Өндіріс пен техникалық саланың шеберіне айналған арулармен әріптесім Нұрдәулет Сыздық тілдесіп қайтқан еді.
Станоктың дүрсілі мен темірдің тарсылы Арайлы Иманқұлова үшін күнделікті үйреншікті көрініс. Ауыр еңбекті еңсерген ол бес жылдан бері құрылыс заттарын шығаратын зауытта дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Күнделікті 600 келіден астам темірді өңдеп, одан он екі түрлі бөлшек жасап шығарады. Бір қызығы Арайлы бұған дейін бала бақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген. Ұстаздықты ұсталыққа алмастырған ару бұл шешімін былай түсіндіреді.
Арайлы Иманқұлова, дәнекерлеуші:
4 жыл бұрын балабақшада жұмыс істедім. Ал күйеуімнің осы жақта жұмыс істеп жатқанына 5–6 жыл болды. Содан кейін мен де осы жаққа кірдім. Басында кішкене қорқыныш болды. Кейін үйреніп кеттім. Менің қыз-келіншектерге айтарым – жұмыстан қорқуға болмайды. Қандай жұмыс болса да, халқың үшін, бала-шағаң үшін жұмыс істейсің.
Ал Сәуле Исаева он бір жылдан бері қосалқы электр станциясында еңбек етіп келеді. Оның әкесі, туыстары да осы саланың мамандары. Электр маман келіншектің жұмысы жауапкершілікке толы. Қоңырау түсе қалса, дереу әрекет етуге кіріседі. Сондықтан болар, жоғары кернеулі тоқпен де, қолайсыз ауа райында да жұмыс істеуге әбден машықтанған.
Сәуле Исаева, электрші:
Осында бізге электр энергия келеді. Мұның барлығы автоматтандырылған. Бәрін дұрыстап, электр энергияны халыққа таратамыз. Біздің жұмысымыз өте жауапты. Өшіп қалса, жарығымыз бармай қалады. Содан кейін біз жауапкершілікті мойнымызға алып, бәрін жөндеп жасаймыз. Халыққа таратамыз.
Екі түрлі салада еңбек етсе де, электр маманы Сәуле Исаева мен дәнекерлеуші Арайлы Иманқұлованы біріктірітен бір ғана нәрсе бар. Ол - жауапкершілік пен кәсібіне деген адалдық. Сондықтан болар, қос маманды әріптестері ерекше құрметтейді. Олардың айтуынша, адал еңбек жас та, жыныс та талғамайды.

Бөлісу