Басты Жаңалықтар Израиль Тегеранға ауқымды шабуыл жасады

Израиль Тегеранға ауқымды шабуыл жасады

Израиль Иран режимінің Тегерандағы инфрақұрылымына соққы бергенін мәлімдеді. Иранның мемлекеттік телеарнасы да ел астанасында жарылыс болғанын хабарлады. Бұған дейін Израиль Иранға қарсы операцияның келесі фазасына көшіп жатқанын ескерткен еді. Соңғы мәліметтерге сай, шабуылдардан Иранда 1200-ден аса адам қаза тапқан. Ал АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсет Ислам республикасына қарсы әскери операция қажет болған мерзімге дейін жалғасатынын мәлімдеді. Шабуыл енді басталып жатыр деді.

Пит Хегсет, АҚШ қорғаныс министрі:

Бізде оқ-дәрі немесе қорғаныс және шабуыл қару-жарағы жеткілікті. Бұл науқанды қажетінше жалғастыруға мүмкіндік береді. Біз шайқасты енді ғана бастап жатырмыз. Көрмегендеріңіз әлі алда. Әскери қуатымыз мықты. Бұған Израильдің қорғаныс армиясының қабілетін қосыңыз.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп, Иран зымыран мен зымыран құрылғыларының 60 пайызынан айырылды деп мәлімдеді. Бұған қоса үш күнде Иранның 24 әскери кемесі жойылған. Ақ үй басшысы Ислам республикасының жаңа лидерін таңдауға қатысатынын мәлімдеді. Трамп марқұм аятолла Әли Хаменейдің ұлы Моджтаб Хаменейдің кандидатурасын қолдамайтынын білдірді. Тағы бір сөзінде АҚШ президенті Ираннан кейін Кубаға кірісетінін мәлімдеді. 


Бөлісу