Бес өңірде су тасқыны болуы мүмкін
Еліміз бойынша су басу қаупі жоғары 1242 елді мекен бар. Бес өңірде тасқын қаупі төніп тұр. Үкімет басшысы Ақмола облысына жасаған сапарында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізіп, әрекет алгоритімін пысықтады. Сондай-ақ өңірде атқарылып жатқан бірқатар жобамен танысты. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында қар қалың. Көктемде сірескен мұз сес көрсетуі мүмкін. Топырақтың тоңы жібіген жоқ. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің сөзінше, қауіпке қарсы 39 мың адам, 18 мыңнан астам техника мен арнайы құралдар әзірленген. Барлық қызметтер жоғары жауынгерлік дайындыққа көшкен. Ахуал күрделенген жағдайда қажетті шешімдер дереу қабылданбақ. Десе де, сын көтермейтін салаға салғырт қарап отырған аймақтар бар деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-минфистрі:
Бүгінде кейбір өңірлерде дайындық шаралары толық қамтамасыз етілмеген. Өзендердің түбін тереңдету, жағалауды бекіту жұмыстары аяқсыз қалды. Ақмола облысы Атбасар қаласына наурыз айында үлкен су келеді деп күтілуде. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Үкімет басшысы аймақтағы ауқымды жобалармен танысты
Премьер-министр сапар аясында өңірдегі индустриялды аймаққа да барды. Ондағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру жобалармен танысты. Сондай-ақ Көкшетаудағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарын көріп, құрылыс сапасына мән беруді тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы