Басты Жаңалықтар Иран мен АҚШ соғысы бесінші күнге ұласты

Иран мен АҚШ соғысы бесінші күнге ұласты

Иранға қарсы соғыстың басталғанына бесінші күн. АҚШ пен Израиль бұл мемлекеттің әскери нысандарын бүгін тағы бомбалады. Ал Шри-Ланка жағалауында ирандық әскери кеме шабуылға ұшыраған. Аймақтан жеткен соңғы жаңалықтарға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.

АҚШ пен Израиль Иранға бесінші күн соққы беріп жатыр. Құрама Штаттардың Орталық қолбасшылығының дерегінше, бұл операцияға 50 мың жауынгер, 200-дей әскери ұшақ, екі соғыс кемесі тартылып отыр. Олар 24/7 режимінде Ислам Республикасына әуеден, теңізден, киберкеңістіктен шабуыл жасап жатыр. Бүгінгі соққының мақсаты – Иранның ракета ұшыратын позицияларын, зымыраннан қорғану жүйесін және командалық орталықтарын жою.

Жалпы алғанда Америка мен Израиль бүгінге дейін бұл елде 2 мыңдай нысанды қиратқан.

Бірер сағат бұрын Шри-Ланка жағалауынан хабар жетті. Оған жүгінсек, Ирандық кеме сүңгуір қайықтық шабуылына ұшырағанда, 101 адам жоғалып кетті. Жараланғандар да бар.

Витха Херат, Шри-Ланка Сыртқы істер министрі:

Бүгін таңғы сағат 5:08 шамасында Әскери-теңіз күштеріміз бен жағалау күзеті Иран әскери-теңіз күштеріне тиесілі IRIS Dena кемесінен апат жайлы хабарлама алды. 30 теңізші ауыр жараланды. Хабарларға қарағанда, кемеде 180-дей адам болған.

Иран қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасау мәселесін жергілікті күрд жасақтары АҚШ-пен талқылап жатыр. Мұны «Рейтер» үш дереккөзге сүйеніп хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, күрдтер операциясы басталса, аймақтағы жағдай тіпті теңселуі мүмкін.

Иранның жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменеи сенбі күні қаза тапты. Марқұмды жерлеу рәсімі бүгін кешке өтуі керек. Бірақ кейінге қалдырылған. Хаменеидің ұлы Можтабаның тірі екені мәлім болып отыр. Айта кетсек, кіші Хаменеи басшылыққа негізгі кандидаттардың бірі. Ал Иран мемлекеттік телеарнасының ақпаратына жүгінсек, Ислам Республикасы жаңа жетекшіні сайлауға жақындап қалды.

Елдің сыртқы істер министрлігі болса, Иран жауларымен бүкіл халық болып күресуге дайын.

Эсмаил Багаи, Иран СІМ баспасөз хатшысы:
Соңғы бір жарым жылда біз көп жалған ақпаратты естідік. Күресетін, елімізді қорғайтын уақыт жетті. Өтірік сөйлеу – жауларымыздың әрекет ету тәсілдерінің бірі. Ал армиямыз ант берді, халқымыз болса, жеңіске жеткенше бар күшін салуға әзір.

Енді нарықтағы жағдайға тоқталсақ. Бүгін мұнай бағасы шарықтауын жалғастырды. Brent маркалы шикізат баррелінің құны шамамен 3,3 пайызға қымбаттап, 84 доллардан асты. Бұған әлем мұнайының бестен бірі өтетін Ормұз бұғазында кемелердің шабуылға ұшырауы себепші. АҚШ президенті сол танкерлерді Америка әскерімен қорғап, нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға уәде берді. Алайда бұл тәсілдің қаншалықты тиімді болатыны әзірге белгісіз.

Иран соғыс басталғаннан кейін АҚШ-тың аймақтағы Оман, Бахрейн, Қатар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері тәрізді одақтастарын зымырандармен, дрондармен атқылауға кірісті. Содан кейін аймақ әуежайларында доғарылған әуе рейстерінің саны 20 мыңнан асып отыр.


Бөлісу