Басты Жаңалықтар Жаңа Конституция жобасы – ұзақмерзімді дамудың берік негізі

Жаңа Конституция жобасы – ұзақмерзімді дамудың берік негізі

Азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне назар аудару – мемлекеттік саясаттың өзегі. Ата Заң жобасында адам құқықтары маңызды қағидаттар және нақты міндеттер ретінде қарастырылған. Жетісу облысының жұртымен тілдескен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді.

Сенат төрағасының іс сапары «Жаңа Конституция – ұзақмерзімді дамудың берік негізі» тақырыбындағы дөңгелек үстелден басталды. Кездесуде Жаңа Конституция жобасының өзектілігі мен қоғам үшін маңызы кеңінен талқыланды. Зиялы қауым өкілдері жаңадан әзірленіп жатқан Ата заңды елдің өткені мен келешегін жалғайтын стратегиялық құжат деп бағалады.

Әміре Әрін, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

Мынау Мәжілісті Құрылтай деп атауы ең алдымен біздің қазақтығымызды, кешегі ұлы түркілердің Отанында отырғанымызды дәйектейді. Құрылтайдың өзі сол бүкіл елдің экономикалық, саяси, әлеуметтік бағыттарына, тамырларына қан жүгіртіп, елді елдікке, еңбекке бастайтын үлкен ұйым болады деп есептеймін.

Палата спикері Жаңа конституциялық жобаның маңызын саралады. Сенат төрағасының сөзінше, реформа – елдің орнықты дамуы, демократиялық қағидаттарды нығайту және саяси жүйені жаңғырту жолындағы стратегиялық қадам.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен 15 наурызда жаңа Конституцияға байланысты республикалық референдум өтеді. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан жүйелі жаңғыртулардың келесі маңызды кезеңіне өту жолындағы тарихи қадам. Елдің болашағына қатысты тағдырлы шешімді халық үніне құлақ аса отырып қабылдау – нағыз демократияның жарқын көрінісі екені анық. Жаңа Конституцияның жобасында «заң мен тәртіп» қағидатына, азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қорғауға және орнықты даму бағдарына баса мән беріліп отыр. Мұның бәрі «Әділетті Қазақстан» идеясын конституциялық нормалар арқылы бекітудің жарқын көрінісі екені сөзсіз.

Сенат төрағасы сапарын шаруа қожалығы мен спорттық-оңалту кешенінде қорытындылады. Тұрғындармен жүздесіп, жаңа Конституция жобасының ел дамуы мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы маңызын атап өтті.


Бөлісу