Басты Жаңалықтар Ә.Лариджани: Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізбейді

Ә.Лариджани: Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізбейді

Таяу Шығыста жаңа соғыс нүктесі пайда болды. «Би-Би-Си» осылай деп мәлімдеді. Себебі Израиль мен Ливанда бекінген «Хезболла» тобы арасында қақтығыс ушыққан. Ираннан миллиардтаған доллар қолдау алған қарулы топ Израильдің Хайфа қаласын зымыранмен атқылады. Мақсат – Иранның жоғары лидері аятолла Әли Хаменейдің қазасы үшін кек алу. Бұған жауап ретінде Израиль «Хезболланың» Бейруттегі бекінісіне соққы берген. Соңғы мәліметтерге сай, шабуылдан Ливанда 31 адам қаза тауып, 149 тұрғын жараланды. Науқан бірнеше күнге жалғасуы мүмкін.

Сонымен бірге АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы жалғасып жатыр. Тегеран да Израиль аумағына, АҚШ-тың өңірдегі әскери базаларын зымыранмен атқылауды тоқтатқан жоқ. Шабуылдан бірнеше адам қаза тапқан. Соңғы мәліметтерге сай, Кувейттегі АҚШ елшілігі маңынан түтін шығып жатыр. Оқиға орнына өрт сөндіргіш машиналар мен жедел жәрдем көліктері жеткен. Иранның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңесінің басшысы Әли Лариджани әлеуметтік желіде Тегеран Вашингтонмен келіссөз жүргізуге ниеті жоқ деп жазды. Бұған дейін бірқатар басылым Иранның ресми тұлғалары АҚШ-пен келіссөзді жаңғыртуды көздейді деп хабарлаған еді. АҚШ пен Израиль де Иранда көздеген мақсаттарына жеткенше шабуылды жалғастыра беретінін мәлімдеп отыр.


Бөлісу