Басты Жаңалықтар Таяу Шығыстағы соңғы ахуал қандай?

Таяу Шығыстағы соңғы ахуал қандай?

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылынан кейін Таяу Шығыста жағдай ушықты. Соңғы мәліметтерге сай, Ливаннан да тыныштық кетті. Израиль мұндағы Хезболланың нысандарына соққы беріп жатыр. АҚШ пен Израиль Ирандағы мақсатына жеткенше, шабуылды жалғастыра беретінін мәлімдеді. Дональд Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында америкалық үш әскери қызметкердің қазасы үшін Ираннан кек алатынын мәлімдеді. Ақ үй басшысы Иранға соққысын әлем куә болған ең күрделі және ауқымды әскери операция деп атады.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

Соңғы 36 сағатта Құрама Штаттар мен серіктестері әлем тарихындағы ең ірі әскери шабуыл бастады. Ирандағы жүздеген нысанға, оның ішінде Ислам революциясы сақшыларының корпусы позицияларына, зымыранға қарсы қорғаныс жүйелеріне соққы бердік. Санаулы минутта 9 әскери кемесін жойдық. Иранның бұрынғы жоғарғы лидері аятолла Хаменей мерт болды. Әскери қимылдар барлық мақсатқа қол жеткізгенге дейін жалғаса береді.
Бұл шабуылдардан Иранның оңтүстігіндегі мектепте 153 адам қаза тапқан. АҚШ пен Израиль болса, бұл мәліметті нақтылап жатқанын мәлімдеді. BBC-дің ақпаратына сай, сенбіден бері Иранда әуе соққыларынан 200-ден астам адам қаза тауып, 700-ден астамы жараланған. Иран жауап ретінде Парсы шығанағындағы, оның ішінде Қатар, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейттегі және Ирактағы америкалық базаларға, Израиль қалаларына әуеден оқ жаудырды. Әскерилердің мәліметінше, АҚШ-тың 27, Израильдің бір базасы мен армияның штаб-пәтеріне соққы берілген. Ал Парсы шығанағына кіретін бір топ ел Иранның әрекетіне жауап беруге құқылы екендерін мәлімдеді. Жексенбіде сыртқы істер министрлері онлайн форматта жиын өткізген. Иранда рухани көшбасшы Әли Хаменей қаза тапқаннан кейін елді басқаруға уақытша кеңес құрылған. Елде аза тұту күні жарияланды. Сарапшылар ассамблеясы елдің жаңа жоғары көсемін жақын арада тағайындауы қажет. Иранның сыртқы істер министрі болса, бұл соғыста жеңіпаздар жоқ екенін мәлімдеді.
Аббас Аракчи, Иранның Сыртқы істер министрі:
Иран дипломатияға әркез ашық болды. Америкалықтар бізді келіссөздер өтіп жатқан тұста шабуылдауды ұйғарған. Мұндай жағдай екінші мәрте қайталанып тұр. Дәл осындай жағдай маусымда да болған еді. 

Бөлісу