Мексикада есірткі картелі жетекшісінің қазасы тәртіпсіздіктерге түрткі болды
Мексиканың бірнеше штатында жаппай тәртіпсіздіктер болып, бей-берекетсіздік жайлады. Бұл елде Қазақстанның 35 азаматы консулдық есепте тұр. Оларға қауіпті жерлерге бармауға кеңес берілді. Мексикадағы қазіргі ахуалға Арай Төлегенқызы толығырақ тоқталады.
Мексикада «Халиско жаңа буын» атты есірткі картелі жетекшісінің қазасы жаппай тәртіпсіздіктерге түрткі болды. Эль Менчо лақап атымен танылған Немесио Осегера Сервантесті Мексика қарулы күштері Тапальпа қаласындағы операция барысында мерт қылған. Ықпалы күллі ел аумағына тараған қылмыстық ұйымды құрған Эль Менчо бұрын полиция қызметкері болған. АҚШ оны табуға көмектескендерге 15 млн доллар сыйақы ұсынған еді. Мексика қорғаныс министрлігі картель басшысын қолға түсіруге АҚШ көмектескенін мәлімдеді. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт Мексикаға барлау мәліметтерін ұсынғанын растады. Картель жетекшісінің қазасынан кейін елдің бірнеше штатында картельдің қарулы мүшелері мен қауіпсіздік күштері арасында қақтығыс басталды.
Мария Дуран, жергілікті тұрғын:
Біз қорқып қалдық. Далаға тек қажет болғанда шығамыз. Не істеу керектігін білмейміз.
Есірткі картелінің мүшелері көліктерді өртеп, жолдарды жапқан. Мұндай жағдай курорттық аймақтарда да тіркелді. Мексика үкіметінің мәліметінше, тәртіпсіздіктер кезінде 25 адам ұсталды. Олардың арасында мародерлік пен тонауға қатысқан адамдар бар. Шетелдік туристерге қонақүйлерден шықпауға кеңес берілді. Қазақстанның сыртқы істер министрлңігі де ахуалды мұқият қадағалап отырғандарын айтты. Сол елдегі азаматтарымызбен баййланыста екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта бұл елде Air Canada, United Airlines тәрізді бірқатар әуе компаниялары ұшақ рейстерін доғарып, кейінге қалдырған. Әуежайларда қалған жолаушылар арасында үрей, дүрбелең басталды.
Пабло Лемус Наварро, Халиско штатының губернаторы:
Штаттың түрлі бөлігінде болған оқиғаларды бақылауға алу үшін бар күш салдық. Биліктің әр деңгейіндегі мекемелердің бір бірімен тығыз жұмыс істеуі маңызды рөлге ие болды. Басты мақсат - халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Кей мәліметтерге сай, жағдай одан әрі ушықпай, тұрақталса, қылмыс әлемінің серкесінің көзін жою Мексика президенті Клаудиа Шейнбаумның есірткі картельдерімен күресте маңызды жетістігі болмақ. Бұл жағдай оның АҚШ президентімен қарым-қатынасын жақсара түсуіне ықпал етуі мүмкін. Дональд Трамп Мексика билігін есірткі желілерімен күресті күшейтуге үндеп келген еді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы