Басты Жаңалықтар Түркияда жол ережесі қатаңдатылды

Түркияда жол ережесі қатаңдатылды

Түркияда жол ережесі туралы заң қатаңдатылды. Кей айыпұлдардың құны он есеге дейін өскен. Мамандар жаңа заңның қабылдануын автокөліктің көбеюі мен жол ережесін өрескел бұзу фактілерінің артуымен байланыстырады. Жаңа заң жобасына қатысты қоғамдық пікір де әртүрлі. Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Түркияда бұдан былай жолда көлігінен түсіп басқа бір жүргізушіге күш көрсеткен адамға 2 млн теңге айыппұл салынады. Бұдан бөлек көлік жүргізу құқығынан 60 күнге айрылып, автомашинасы 30 күнге айып тұрағына қойылады. Мұндай қатаң жазаның себебі агрессив жүргізушілердің көбеюінен, - дейді мамандар.

Толга Кара, заңгер:

Соңғы жылдардың статистикасына қарасақ, жол апаттарының жылдан жылға азайып келе жатқанын байқаймыз. Бұл жол сапасының артуы мен жол ережесі туралы заңның күшеюімен байланысты. Дегенмен әлі де жолдағы өлім саны бойынша Еуропада бірінші орында тұрмыз. Сондықтан бұл заң ереже бұзушыларды азайтатынына сенімдімін.

Жаңа заңда көлік тізгінінде келе жатып телефонмен сөйлескендерге де жаза қатаң. Алғаш рет заң бұзса 5 мың лира яғни, шамамен 65 мың теңге. Екінші рет бұзғанға 130 мың теңге ал үшінші рет 260 мың теңге айыппұл төлеп, бір айға көлік жүргізу куәлігінен айырылады. Ал жүргізушілер арасында жаңа заңдағы жазаларды тым қатал деп санайтындар да бар.

Сауалнама:

- Кейбір жазалар тым қатал сияқты көрінді. Айыппұлдар шамадан тыс жоғары. Тек заңмен жазалай бермей, жүргізуші мәдениетін қалыптастырғанымыз жөн деп ойлаймын.

- Жолда жүргенде байқайтыным, жастар арасында көлікті қалай болса солай жүргізетіндер көбейді. Қит етсе көліктен түсіп жаға жыртысуға дайын тұратындар да солар. Бұл заң сондай басбұзарларға тоқтау салады деп сенемін.


Ресми мәліметтерге сай 2025 жылы Түркияда 600 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, жол апатынан 2500 ден аса адам көз жұмған. 400 мыңнан аса адам жараланды. Көлік апаттарының 90 пайызы жүргізушілердің қателігінен болады.

Сондықтан жаңа заң жолдағы тәртіпті күшейтіп, жол апатын азайтады деп сенеді мамандар.


Бөлісу