Диқандар су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдана бастады
Елдегі су үнемдеу технологиялары енгізілген егіс көлемі 543 мың гектарға жетті. Мәселен, қазір күріш алқаптарының 65 пайызы лазерлік тегістеуден өткен. Ал Түркістандық шаруалар мақта өндірісіне тамшылатып суару әдісін кеңінен қолданып жатыр.
Өзегі өзенге байланған өңірдің диқандары тіршілік нәрін тиімді тұтынуға көшкен. Биыл Сыр өңіріндегі негізгі дақылдың көлемі шамамен 11 мың гектарға қысқарады. Шаруалар егін маусымынан шығынсыз шығу үшін алқаптарды лазерлік тегістеуден өткізіп жатыр.
Сәкен Шағыртаев, диқан:
Күріштікте аса маңыздылығы - жерді тегістеу. Жерді тегістеу барысында 20 процентке дейін суды үнемдеу технологиясы бар. Өнімділігі де жоғары болады. Әртараптандыру бойынша Қаратау өңірінен 1 мың гектар жерге тамшылатып сурау технологиясымен жүгері дақылын егіп бастадық.
Ал Түркістан облысы елімізде мақта өсіретін жалғыз аймақ. Биыл өңірде 162 мың гектарға мақта егу жоспарланып отыр. Соның 80 мың гектарына су үнемдеу тәсілдері қолданылмақ.
Ерсайын Досымбетов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің басқарма басшысы:
Биылғы жылы су үнемдеу өткен жылмен салыстырғанда 29,8 мың гектарға ұлғаюы тиіс. Ал дәстүрлі тәсілмен егетін алқап, өткен жылы 94,5 мың гектар болатын болса, биыл 12 мың гектарға қысқарту жоспарлануда.
Елдегі су үнемдеу технологиясы енгізілген егіс алқабының көлемі 543 мың гектарға жетті. Соның 315 мың гектарында жаңбырлатып сурау қолға алынды. Ал 166 мың гектар алқап тамшылатып суару технологиясымен жабдықталған. 63 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өтті. Нәтижесінде 700 млн текше метр су үнемделді.
Ақерке Молдабек, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы:
Ұңғымаларды қазуға, инфрақұрылым жүргізуге, трубалар тартуға 50 пайыздан 80 пайызға дейін субсидиялау қарастырылған. Және ағын су субсидиясы қарастырылған. Ол дифференциалды түрде жүргізіледі.
Яғни, тіршілік нәрін тиімді тұтынған диқандардың шығыны азаяды. Үкіметтің осындай ынталандыру арқылы 2030 жылға қарай суармалы алқаптар көлемін 1 млн 300 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы