Басты Жаңалықтар Президенттің америкалық басылымға мақаласы жарияланды

Президенттің америкалық басылымға мақаласы жарияланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен және БҰҰ-ның қолдауымен құрылған Бейбітшілік кеңесін алға жасалған маңызды қадам деп бағалады. Бұл туралы Президент The National Interest басылымына жарияланған мақаласында жазды. Онда Қазақстан АҚШ-тың сенімді әрі адал серіктесі екені атап өтілген. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ақ үй тың тәсіл ұсынды. Ескі саяси формулалар қайталанбайды. Негізгі қағида – тұрақты экономикалық даму арқылы бейбітшілікке қол жеткізу. Бейбітшілік ұран ретінде емес, жоба ретінде қарастырылып отыр. Мемлекет басшысы қазіргі кезеңде тұрақтылық ең тапшы стратегиялық ресурсқа айналғанын айтты. Халықаралық институттар дағдарысқа ұшырап, қоғамдық сенім төмендеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанда Президент Трамп стратегиясына байланысты саяси ұстанымдарға оң көзқарас қалыптасқан. Оның негізгі қағидаттары – парасат, дәстүрлі құндылықтарды қорғау, ұлттық мүддені сақтау және соғысты тоқтату. Президенттің сөзінше, бұл ұстанымдар қоғам сұранысына сай келеді. Сондықтан біздің ел Бейбітшілік кеңесіне қосылу және оны нақты іс-әрекеттермен қолдау шешімін қабылдаған. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан әрдайым теңгерімді әрі сындарлы ұстанымды сақтап келеді. Біз Израильмен берік қарым-қатынас орнатқанбыз. Сонымен бірге Палестина халқын да дәйекті түрде қолдаймыз, әрі қос мемлекет қағидатына негізделген шешімді бейбітшіліктің жалғыз орнықты негізі деп санаймыз. Сондай-ақ біздің шешіміміз экономикалық ынтымақтастықты нығайту, инвестициялар тарту және озық технологияларды енгізу мақсатында ұлттық мүдделерге де негізделген. Жалпы алғанда, бұл мұсылман және еврей әлемі арасындағы диалогтің нығаюына ықпал етеді деп үміттенеміз.


Бөлісу