Түркияда Рамазан айына дайындық қызу
Халқының 90 пайызы мұсылман Түркияда тұрғындар Рамазан айына ерекше дайындалады. Алдын ала керек-жарақтар алынып, жақындарына сыйлықтар дайындайды. Сәресі және ауызашар уақыттарына арнайы мәзір әзірлеп, дастархандарын дәмді тағамдармен толтырады. Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы Ыстанбұлдағы Рамазанға дайындық барысын көріп келді.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Рамазан айы қарсаңында Ыстамбұл қаласының тұрғындары азық-түлік алу үшін дәстүрлі түрде осы Мысыр базарына келеді. Сонау 1600 жылдары салынған бұл базарда азық түліктің түрлері мен кептірілген жемістер және дәмдеуіштер сатылады. Бүгінде заманауи азық түлік дүкендері көп болғанымен, бұл тарихи мекеннің атмосферасы бөлек.
Базарда халық көп. Оразаға дайындық қызу. Дәстүрлі ауызашар дастарханына түріктер негізінен құрма, кептірілген жемістер, ірімшік пен зәйтүн қояды. Мысыр базарына келетін тұтынушылардың да негізгі алатыны осы заттар.
Елдегі экономикалық жағдай тұрақсыз болғандықтан, азық түліктің бағасы да аспандап тұр. Дегенмен сатушылар Рамазан айының құрметіне ең қажетті тағамдарға жеңілдік жасап, халықтың қалтасына да қарасып отырмыз дейді.
Пойраз Гурмаз, сатушы:
Ораза айының қарсаңында сауда жақсы жүріп жатыр. Халық қалаған тауарын алсын деген ниетпен заттарымыздың бағасын төмендетіп сатып отырмыз. Әсіресе зейнеткерлерге барынша жеңілдік жасауға тырысамыз. Себебі Рамазан айында әркім өзінің қалаған дүниесін алғанын қалаймыз.
Түркия Сауда министрлігі Рамазан айы қарсаңында халық көп тұтынатын ет, сүт және нан өнімдерін қымбаттатуға тыйым салып, шекті баға бекітті. Дегенмен қымбатшылық қысса да, халық жылда бір келетін ораза айын дәстүрге сай өткізу үшін дастарханға қоятын азық-түлікті мейлінше мол қылып алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы