Басты Жаңалықтар «Самұрық-Қазына» әлеуметтік жобаларға ₸124 млрд бағыттаған

«Самұрық-Қазына» әлеуметтік жобаларға ₸124 млрд бағыттаған

«Самұрық-Қазына» қоры әлеуметтік жобаларға 124 млрд теңгенің үстінде қаржы бағыттады. Нәтижесінде шалғай өңірлерде 434 жоба іске асты. Кешенді жұмыстардың игілігін 12 миллионға жуық тұрғын көріп отыр.

Бұған дейін ерекше күтімді қажет ететін балалар республикалық оңалту орталықтарында ем алу үшін кемінде 2 жылдай күтетін. Сондықтан «Самұрық Қазына Траст» қоры саланы ілгерілету ісіне кірісті. Бүгінде қор бастамасымен құрылған 55 емдеу орнында мыңдаған бала тегін көмек алып жатыр.

Меруерт Исмаилова, қала тұрғыны:

«Қамқорлық» орталығында 3 ай сайын ем алып тұрамыз. Қазіргі таңда ЛФК-дан жүрісіміз жеңілдей бастады. Логопед мамандар бар. Сол кісілердің арқасында сөйлеуімізде еркіндеу. Қазір бала өзін еркін сезінеді.

Кешенді жұмыстың нәтижесінде 3 мыңдай бала қатарға қосылды. Оңалту орындары шалғай аудандарда да ашылған. Барлығы да заманауи құралдармен жабдықталған. 

Альфия Әдиева, «Samruk-Kazyna trust» қорының бас директоры:

Тиімділігі – бір қалада сол өңірде тұратын отбасылар үшін жақын маңда қолжетімді. Екіншіден орталықта 25-30 маман жұмыс істейді. Олардың барлығы да жоғары білімді, біліктілігі артқан мамандар. Жыл сайын 21800 бала тегін көмек алып тұрады.

Биыл қордың құрылғанына – 10 жыл. Бүгінге дейін қор бастамасымен 274 әлеуметтік нысан ашылды. Атап айтқанда, 19 спорт кешені, 3 креативті хаб, көптеген мәдени нысандар еңсе тіктеді. Сондай-ақ 31 мектепте инклюзияны қолдау кабинеті жасақталды. Соның бірі Астана қаласында.

Нұрила Қияқбай, мектеп директоры:

Бұл жақта біз қарапайым өмірге керек нәрсені үйретіп, гидропоникамен қалай жұмыс жасау, қыш құмыра қалай жасау керек, яғни, сенсорлық маторикалық жүйелерді қалай дамыту керектігін үйретеміз. Баланы бағыттаймыз. Қосымша психологиялық жұмыстар жүргізіледі.

Корпоративтік қор әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған кешенді шаралар легін жалғастыра бермек. Биыл еліміздің бірқатар өңірінде жаңа нысандар ел игілігіне табысталмақ.


Бөлісу