Қытай көліктеріне жаңа талап: Қазақстан автонарығына әсері
Қытайда көліктің тұтқасын жасыруға тыйым салынбақ. Жаңа талапқа сай барлық темір тұлпар механикалық тұтқамен жабдықталуы тиіс. Себебі апатты жағдайда автоматты тұтқалар жұмыс істемей, жолаушылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Айта кетейік, былтыр Қазақстан көрші елден ең көп көлік сатып алған мемлекеттердің ондығына кірді. Жаңа талап елдегі көлік нарығына қалай әсер етуі мүмкін? Толығырақ тілші бейнематериалында.
Бағасы арзан, соңғы технологиямен жасалған. Қытайлық көліктердің жарнамасы қазір осындай. Сондықтан болар көрші елден көлік алғандар көп. Былтыр қазақстандықтар 200 мыңнан астам автомобиль сатып алған.
Нұрдәулет Сыздық, тілші:
Қытайлық көліктердің көбіне дәл осындай жасырылған есік тұтқасы қойылады. Яғни қатты аяз болса, электроника жүйесі істен шықса, көлік компютері суға малынса, мынадай есікті ашу айтарлықтай қиындай түседі. Сондықтан көлік жүргізушісі мен жолаушыларды құтқаруға үлкен кедергі келтіреді.
Мәселен, Қытайдағы бейнебақылау камераларының біріне жол-көлік оқиғасының мына сәті түсіп қалған. Апат кезінде автокөліктің есігі ашылмай, салондағы жолаушылар сыртқа шыға алмай қиналады. Қайта куәгерлер дереу көмектесіп, көліктің терезесін сындырды. Жасырылған тұтқаның кесірінен қамалған адамдар аман-есен сыртқа шығарылды.
Нұрсұлтан Мүсәлі, көлік жөндеу орталығының өкілі:
Кез келген автокөлікте өзінің ішкі тұтқаның жанында және де тиімді жерде механизм болады, сонымен ашып көресіз. Ол жағдайда ашылмаған кезде міндетті түрде терезені түсіретін батырманы басасыз. Батырманы басып, терезе ашылмаған жағдайда бетіңізді оң жақ бетке бұрып, ұрылатын затпен терезені сындырып, ертерек әрекет жасап шығу тиімді болады.
Қытайда жасырын есік тұтқасы бар көліктерді шығаруға шектеу келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа ережеге сәйкес, барлық электромобиль мен көліктер механикалық ашу тетігімен жабдықталуы тиіс. Ал бұған дейін мақұлданып қойған модельдерге екі жыл уақыт беріледі. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгеріс елдегі автонарыққа айтарлықтай әсер етпейді.
Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автомобильдер одағының төрағасы:
Мұндай өзгерістер біртіндеп енгізіледі. Қытай зауыттары есік тұтқасының бөлшектерін жаңартады. Әрине, бұл қосымша шығынды талап етеді. Бірақ Қытайда жыл сайын миллиондаған көлік шығарылады. Сондықтан бір есікті өзгертуге кеткен шығын сол көп көліктің арасында бөлініп, айтарлықтай қымбатшылық болмайды. Керісінше, алдағы жылдары көлік құрастыру арзандауы мүмкін. Себебі механикалық есік тұтқасы электронды түріне қарағанда әлдеқайда арзан.
Сарапшылар шет елден келетін көліктердің қауіпсіздігіне аса мән беру қажет деп отыр. Әсіресе есік тұтқасы мен электр жүйесінің апат кезінде дұрыс жұмыс істеуі мұқият тексерілуі тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы