Басты Жаңалықтар М.Әшімбаев «Адамзат Бауырластығы» сыйлығын табыстау рәсіміне қатысты

М.Әшімбаев «Адамзат Бауырластығы» сыйлығын табыстау рәсіміне қатысты

Президент тапсырмасымен Сенат спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасына барды. Сапар аясында шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығын салтанатты тапсыру рәсіміне қатысты.

Биыл бұл сыйлыққа ауғанстандық құқық қорғаушы Зарка Яфтали, Палестинаның Taawon гуманитарлық ұйымы ие болды. Сондай-ақ Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісім де осы сыйлыққа лайық деп танылды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыйлық иелерін құттықтап, бейнеүндеу жолдады. Салтанатты шара аясында дөңгелек үстел отырысы өтті. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде, Қазақстанның бейбітшілік пен конфессияаралық диалог құндылықтарын ілгерілету жолындағы тәжірибесіне тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы:

Былтыр қыркүйек айында Астана қаласында «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтті. Оның маңызды нәтижелерінің бірі конфессияаралық диалогты одан әрі нығайтуды көздейтін бірқатар халықаралық бастаманы қамтыған «Астана бейбітшілік декларациясы-2025» құжатының қабылдануы болды. Алдағы уақытта бұл бағытта нәтижелі ынтымақтастық орнатуға зор мүмкіндік бар.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Біріккен Араб Әмірліктері Федералды Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Сакр Әл-Гобашпен кездесті. Онда екі ел арасындағы стратегиялық серіктестігін кеңейту және парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жайы  талқыланды. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев бірқатар халықаралық және діни ұйымдардың, сондай-ақ шет мемлекеттердің жоғары лауазымды басшыларымен пікір алмасты.

Бөлісу