Басты Жаңалықтар Э.Әзімова: Конституция жобасын талқылау жалғаса береді

Э.Әзімова: Конституция жобасын талқылау жалғаса береді

Ата заңның жаңа жобасы әрі қарай да қоғамда ашық талқылана береді. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасы Эльвира Әзімова айтты. Оның сөзінше, қазір азаматтар бұл іске белсене араласып жатыр. Жекелеген баптардың редакциясын жетілдіруге бағытталған нақты әрі мазмұнды ұсыныстар көп.

Эльвира Әзімова, Конституциялық Сот төрағасы:
Қоғаммен жүргізіліп отырған бұл ашық диалог жалғасады. Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасының ережелерін алдағы уақытта да нақты, мазмұнды және кәсіби деңгейде түсіндіруді жалғастырады.
Сондай-ақ бүгін кезекті отырыста Бас Прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Конституция жобасындағы 18-бапты орыс тілінде нақтылай түсуді ұсынды. Осы баптың 2-тармағында «Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды» деп көрсетілген.  Дегенмен орыс тіліндегі аудармасында «мерзімнен артық ұстау» деген шешуші ұғым көрсетілмей қалған, - деді Бас прокурордың орынбасары. Сол себепті кейбір мамандар «сот шешімінсіз күдіктіні ұстауға мүлдем болмайды» деп түсіну қаупі бар екенін айтуда.
Жандос Өмірәлиев, Бас прокурордың орынбасары:
Мәтін мазмұнына қарасақ, расында да дәл солай. Кісі өлтіру, басқа да қоғамға қауіпті қылмыстар кідірісті көтермейтіні анық. Қылмысты тоқтату, күдіктіні дереу оқшаулау құқық қорғау қызметінің ең негізгі міндеттерінің бірі. Тек осыдан кейін ғана сот оны күзетпен ұстау туралы шешімді қабылдайды. Бұл дүниежүзілік тәжірибе саналады. Конституцияның әрбір нормасы анық, түсінікті болуы керек. Сондықтан талқылаудағы осы норманы заң техникасы тұрғысынан қайта қарап, нақтылауды ұсынамын.

Бөлісу