Күріштің көлемі қысқарады
Биыл оңтүстік өңірлерде күріштің көлемі тағы да қысқарады. Соңғы ақпарға сүйенсек, Тоқтоғұл су қоймасындағы қор былтырғы деңгейден 1,8 млрд текше метрге аз. Сондықтан «Шардара» су қоймасы су жинау режиміне ауыстырылған. Аталған мәселелер Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың қатысуымен өткен алқа отырысында талқыланды.
Былтыр оңтүстік өңірлерде вегетациялық кезең күрделі жағдайда өтті. Бұл биыл да қайталануы мүмкін. Шаруалар егін маусымынан шығынсыз шығу үшін күріштің көлемі қысқартылмақ. Жауапты министрлік болжамға сәйкес су пайдалану лимитін белгілеп, егістік көлемін айқындады.
Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
Қызылорда облысы бойынша – 3,2 км³ және күріш егіс алқаптарын 70 мың гектар деңгейінде сақтау; Алматы облысы бойынша күріш егіс алқабы 5,8 мың гектар; Жетісу облысы бойынша – 1,8 км³, күріш егіс алқабы 1 мың гектар; Жамбыл облысы бойынша – 1,2 км³; Түркістан облысы бойынша – 3,8 км³.
Тіршілік нәріндегі тапшылыққа байланысты Сыр өңірінде күріштің көлемі соңғы 4 жылда 19 мың гектарға азайған. Есесіне, диқандар егінді әртараптандыруға ден қойып, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдануға көшкен.
Бақыт Жақанов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:
Оңтайландырылған күріш көлемінің орнына егісті әртараптандыру мақсатында жүгері, соя, майлы дақылдар егу көзделуде.
Сондай-ақ министрлік судың «қара нарығымен» күресті күшейтпек. Бұған бас прокуратура да қатысады. Қауіпті аймақтар түзіліп, су беру келісімдері цифрлық форматқа көшірілмек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы