Қостанай облысында медицина маманы тапшылығы 20%-ға қысқарды
Қостанай облысында дәрігер тапшылығы мәселесі оң шешіліп келеді. Былтыр жоғары білімі бар 310 маман қатарға қосылып, көрсеткіш 20 пайызға қысқарған. Әсіресе ауылдардағы кадр мәселесі өткір тұр. Сондықтан мемлекет мәселені кешенді түрде шешуге кіріскен. Өзге өңірлерден маман тартып, тұрақтап қалғандарға берілетін төлемақы мөлшерін ұлғайтпақ.
Ерлі-зайыпты Аман мен Ақзат Түркістаннан Қостанай облысының Әулиекөл ауылына екі жыл бұрын қоныс аударған. Екеуі де жоғары білімді білікті дәрігер. Бірі терапевт, екіншісі педиатр. Көшіп келген жас мамандарға мемлекет жан-жақты қолдау көрсеткен.
Аман Серікбай, дәрігер:
Берілетін мемлекеттік қолдау шаралары бар, оған қоса әкімдіктен шамамен 5 млн теңге көлемінде көтерме ақы берілді, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан шамамен 380 мың теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Оның үстіне, оңтүстіктен солтүстікке мемлекеттік бағдарлама арқылы көшу де тиімді болды.
Ал Ақзат аудандағы жалғыз педиатр. Сондықтан мұндағы жұмысы қауырт. Баласы
ауырса ауылдағы жұрт осында, аудан
орталығына келеді.
Ақзат Серікбай, дәрігер-педиатр:
Бір күннің өзінде 80,90 тіпті 100 балаға дейін қабылдаған кезім болды. Қазіргі уақытта кішкене саябырсыды, дегенмен бір күнде приказ бойынша 25 бала қабылдауымыз керек, дегенмен одан көп бала қабылдаймыз.
Жалпы, өңірде терапевт, хирург, акушер-гинеколог мамандар тапшы. Облыс бойынша өткен жылдың басында 152 дәрігер жетіспейтін. Биыл бұл көрсеткіш 101-ге түсті. Ақ халаттыларды ауыл-аймаққа тартып, тұрақтандырып қалдыру үшін оларды әлеуметтік қолдау үшін бюджеттен 600 миллион теңге бөлінген. Келген мамандардың әрқайсысына елді мекеннің шалғайлығына байланысты 3,5 миллионнан – 7 миллион теңгеге дейін көтермеақы берілді. Ал аса тапшы дәрігерлерге 8,5 миллион теңге көтермеақы ұсынылды. Биыл осы көмек-қолдау мөлшерін ұлғайту көзделуде.
Еркебұлан Баязитов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Келген мамандар көтермеақы алса, 7 жыл осы жерде жұмыс істеуі міндетті болған. Соны биыл өзгертіп, 7 жылды 5 жылға төмендетіп жатырмыз. Сонымен қатар қалалық деңгейде 3,5 миллионннан 5 миллионға көтереміз бе деген жоспарымыз бар. Аудандық деңгейді 7 миллионға көтерміз бе деген ой, жоспар бар.
Егер
жоспар жүзеге асса, биылғы меже дәрігер тапшылығын 50-60 пайызға дейін
қысқарту, дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы