Жаңа Конституция жобасы: Адам құқығы – мемлекеттің басты басымдығы
Адам құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің басты құндылығы. Жарияланған жаңа Конституция жобасының Преамбуласында бұл қағида алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалды. Бұл ұстаным құжаттың бүкіл мазмұнынан көрініс тапты. Ең бастысы мыңжылдық тарихтың сабақтастығы - жаңа Конституция жобасы айқындап берген бағдар. Ата заңның жаңа жобасындағы негізгі өзгерістерді әріптесім түсіндіреді.
Конституция жобасы жарты жыл бойы азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, заңгерлер мен сарапшылар қауымдастығынан келіп түскен ұсыныстарға, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелерінің пікірлеріне сүйене отырып әзірленді. Осы уақыт аралығында реформаға қатысты азаматтардан 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Соның нәтижесінде Ата заңның барлық бөлімін қамтитын 77 бапқа өзгеріс енгізіліп, мәтіннің 84 пайызы жаңартылмақ.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі:
Егер біз бұрын адам құқықтары мен бостандықтары қорғалуы тиіс деп жазатын болсақ, қазір «Мүлтіксіз» қорғалуы тиіс деп, осы арқылы Конституцияның тікелей адамдарға адамдардың құқықтары мен бостандықтарына бет бұрғандығын көрсетеміз. Өмір сүру құқығы бар деген норма болған. Қазір өмір сүру құқығы абсалютті және ажырамайды дегенді нақтылап көрсеттік.
Құжатта әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесіне де айрықша мән берілген. Сондай-ақ дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты нақтыланып, рухани және діни оқу орындарын қоспағанда, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітіледі. Жаңа жобада Егемендіктің жалғыз иесі – Қазақстан халқы екені көрсетілген. Бұдан бөлек, «республикалық референдум» ұғымы «жалпыұлттық референдум» деп өзгертілмек.
Серікзат Дүйсенғазы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Филология факультетінің деканы:
Реформаның мақсаты анық. Мақсат - келешекте Қазақстанды демократиялық жағын, тек қана экономикалық емес рухани-мәдени кемелденуге бастайтын жаңа бір реформа болғалы тұр бұл.
Жаңа Конституция жобасында адами капиталды, білім, ғылым және инновацияны дамыту, зияткерлік меншік құқығын қорғау мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Бұл – елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын басымдықтар.
Уәлихан Ахатов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Заң факультетінің деканы:
Жаңа конституцияның жобасында негізгі идеялардың бірі адамның шығармашылық бостандығы, қазіргі техника мен ғылымға көп көңіл бөлінуі. Бұл қазіргі әлемнің даму тенденциясына сәйкес келіп жатыр. Қазір цифравизация дейміз, жасанды интеллект дәуірінде біз ешқандай әлем мемлекеттерінен кеш қалмауымыз керек.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қоғамы түбегейлі өзгерді. Жаңа Преамбула бүгінгі заманның рухын, қоғамның мақсат-мұратын және ұлтымыздың болмысын айқындай түседі.
Қансейіт Әбдезұлы, Жазушылар одағының хатшысы:
Қазақстан дамуының, өркендеуінің, жаңғыруының жаңа кезеңіне келді. Жаңа кезең болуының бір себебі қазір әлемдік, халықаралық жағдай өте ушығып тұрғанда біз, мемлекетіміз іштен нығаюы керек. Кез келген мемлекет өзінің жаңғыруында, дамуында бір орында тұрмайды. Әлемдік геосаяси жағдайға байланысты өзгеріп тұруы керек.
Сонымен бірге неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықтық одағы ретінде белгіленді. Осылайша Конституциялық комиссия жаңа қоғамдық келісімнің негізін айқындайтын Ата заң жобасын жариялады. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілмек. Сарапшылар бұл ел дамуының келесі эволюциялық кезеңіне жол ашатынын алға тартып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы