Қазақстан ғарышты игерудің жаңа дәуіріне қадам басты
Қазақстан ғарышты игеретін әлемдегі санаулы державалардың қатарына қосылды. Оның дәлелі – «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінде әзірленген «Сұңқар» зымыраны көкке көтеріліп, алғашқы сынақ сәтті өтті. Бұл – ел тарихындағы айтулы оқиға. Қазақстанның ғылым мен технологиядағы әлеуетін айшықтайтын жетістік Әділбек Серікұлының материалында толығырақ баяндалады.
Отандық инженерлер мен конструкторлар алғаш рет ғарыш кемесін құрастыруға атсалысты. Ресейлік ғалымдармен бірлесіп күрделі құрылымдық «Союз-5» яғни, «Сұңқар» зымыранын жарыққа шығарды. Ғарыш әлеміне жаңашылдық әкелген жобаға қазақстандық ғалымдардың қосқан үлесі зор.
Дмитрий Баканов, «Роскосмос» МК бас директоры:
Бұл айтулы оқиға. Жоба мемлекет басшыларының тапсырмасымен жүзеге асты. Әсіресе, «Бәйтерек» ғарыш кешеніндегі әріптестердің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Және Қазақстанды ғарышты игерген әлемдік державалардың қатарына толыққанды енуімен құттықтаймын.
«Бәйтерек» - заманауи ғарыштық инфрақұрылымдық кешен. «Сұңқар» зымыраны қазақстандық ғарыш кешенінде жан-жақты сынақты еңсеріп, қайта жаңғыртудан өткен 45-алаңнан көкке көтерілді. Ол суборбитальды траектория бойынша сәтті ұшты. Әуе кемесінің жабдықтары, зымыран тасығыштың қозғалтқыштары мен оны басқаратын бағдарламалар жүйесі тексерістен өтті.
Байбек Оралмағамбетов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің аэроғарыш комитетінің төрағасы:
Бұл мүлдем басқа жаңа зымыран. Біз ұзақ уақыт зерттеп, зерделеп бұл жобаны ресейлік әріптестерімізбен бірге сәтті жүзеге асырдық. Зымыран алғашқы сынақтан жақсы өтті. Енді тағы да жетілдіріп, толыққанды ғарышқа ұшыруға жұмыс істейтін боламыз.
Отандық ғалымдар құрастырған зымыранның ерекшелігі неде? Жаңа ғарыш кемесі экологиялық таза керосин мен сұйық оттегі отынымен ұшады. Яғни, гептил секілді қоршаған ортаға зияны тимейді. Тағы бір өзекті бағыт - Қазақстанның зымыран құрастыру саласындағы әлеуеті артты. Осы тұрғыда «Бәйтерек» ғарыш кешені жаңа өндірістік әрі ғылыми мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Тоқтар Әубәкіров, ҚР Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері:
Менің арманым еді. Қашан болады деп. Міне, 35 жылдың ішінде осы арманым орындалды. Бізге енді Қазақстанға зымыранды жасап, бүкіл халықаралық спутниктерді шығара аламыз. Және ауыр спутниктерді шығара аламыз.
Әбділда Төрешбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры:
Әрине, бұл біздің мемлекет үшін үлкен жетістік. Біз үшін оның келешегі, болашағы мол. Сондықтан, экологиялық таза отынмен айналысу даму үшін бұның рөлі өте жоғары.
Жалпы жер бетінде ғарыш әлеміне жол салған мемлекеттер көп емес. Көкке ұшырған жер серіктері арқылы алпауыт елдер ғылым мен инновацияның көшін бастып, жаһандық бәсекеде ілгері келеді. Енді міне, Қазақстан да осы стратегиялық бағытта өз орнын айқындап, ғарышты игерудің жаңа дәуіріне нық қадам басып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы