Қазақ тазысы 2035 жылы әлемдік деңгейде мойындалуы мүмкін
Қазақтың төл тұқымы — тазы иті 2035 жылға қарай әлемдік деңгейде толық мойындалуы мүмкін. Бұл туралы елордада өтіп жатқан халықаралық иттер көрмесінде белігілі болды. Биылғы шараның басты жаңалығы - қатысушы тазы саны рекордтық деңгейге жетті.
Бұл жерге әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі тұқымдағы 400-ге жуық ит әкелінген. Арасында – қазақтың тазысы да бар. Биыл 60 тазы сынға түсуде. Бұл – былтырмен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш.
Айбек Ысқақ, қатысушы:
Жылда үш жыл қатарынан келеміз. Есімді білгелі осы тазымен айналысып келемін. Жиырма жылдан асты. Негізі Көкшетау қаласынан 7 тазы алып келдік. Жас айырмашылығы әртүрлі, барлық санат бойынша қатысамыз.
Кандежа Кленмомдиевна, қатысушы:
Жалпы, мұндай көрмелерге біз жиі қатысамыз. Бірақ Қазақстанға бірінші рет келіп отырмыз. Бұл жолы өзімізбен үш түрлі ит тұқымын алып келдік. Оның екеуі - ағылшын тұқымдары: Вельш-корги пемброк пен кардиган. Тағы бір тұқым - цвергшнауцер. Арасында халықаралық чемпиондар бар. Бүгін сол иттерімізді де көрсетеміз.
Көрменің мақсаты - қазақ тазысының тұқымын сақтау, дамыту және әлемдік деңгейде таныту. Бұл бағыттағы жұмысты Халықаралық кинология федерациясы жоғары бағалады.
Тамаш Яккель, Халықаралық кинология федерациясының президенті:
Халықаралық кинология федерациясына бес құрлықтағы 100 ел мүше, соның бірі – Қазақстан. Ең жас ұйымдардың бірі болса да өте белсенді. Бірлесіп атқарған жұмысымыз аз емес. Әсіресе, қазақтың төл тұқымы – «Қазақы тазысы» итін халықаралық деңгейде мойындату мәселесінде тығыз жұмыс істеп келеміз. Екі жыл бұрын бұл тұқым уақытша мойындалды. Бірақ толық, түпкілікті мойындалуы үшін әлі кемінде сегіз жыл жұмыс істеу керек. Біз бұл бағытта серіктес болуға дайынбыз, себебі бұл өте маңызды іс.
Бауыржан Серікқали, «Қазақстан кинологтар одағының» президенті:
Екі этаптан тұрады халықаралық мойындау. Соның алдын ала бірінші кезеңінен біз өттік. Ол 2024 жылы халықаралық Бас комитетінде қабылданды. Қалған 8 жылдың ішінде біз тұқымызды дамытуымыз керек. Денсаулығын қадағалауымыз керек және ең маңыздысы бүкіл әлемге насихаттап, оны танытуымыз керек. Қызығушылығын туғызуымыз керек басқа ит асыраушыларды.
Төрешілер әр иттің сыртқы келбетіне ғана емес, мінезі мен қозғалысына да мән береді. Оны Қазақстан, Венгрия, Швейцария мен Қытайдан келген беделді халықаралық сарапшылар бағалайды. Айта кетейік, Қазақстанның Бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Ал, енді әлемге таныту басты міндет. Осы мақсатта биылдан бастап 3 қыркүйек - Қазақы тазы мен төбет күні ретінде белгіленді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы