Нөсер жауыннан өзендер тасып, екі көпірді шайып кетті
Түркістан облысының Төлеби ауданында нөсер жауынның салдарынан Ақмешіт пен Доңызтау өзендерінің суы тасып, жолдарды шайып кетті.
Қаратөбе ауылдық округінде жаңбыр суы жиналып, тұрғын үйлердің аулаларына өткен. Ақмешіт ауылындағы туристік аймақтарда да өзен суының деңгейі көтеріліп, уақытша қолдан жасалған көпірді су шайып кетті. Сонымен қатар, Екпінді ауылындағы өткелдер де зақымданды. Нәтижесінде табиғат аясына демалуға барғандар көліктерімен өте алмай қалған. Оқиға орнына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жетіп, арнайы көліктермен адамдарды қауіпсіз жерге көшірді. Демалыс аймақтарынан бас-аяғы 81 адам эвакуацияланды. Оның 20-сы кәмелет жасына толмаған бала. Уақытша өткел ұйымдастыру үшін арнайы техникалар жұмылдырылды.
Медет Шанбаев, Төлеби аудандық ТЖБ бастығы:
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар бөлімінен 20 қызметкер, 7 мотопомпа, 4 техника және жергілікті атқарушы органдар тарапынан 4 инжерелік техника, 15 қызметкер, 4 мотопомпа жұмылдырылды. Қазіргі таңда жауын екпіні басылып, жағдай тұрақталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы