Қауіпсіздігі жоғары композиттік газ баллондары өндіріледі
Осы уақытқа дейін қауіп төндіріп келген металдан жасалған газ баллондардың орнына енді композиттік баллондар шығарылмақ. Ол Алматы қаласының Алатау ауданындағы индустриалды аймақта өндіріледі. Қазір цехтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Айта кетейік, соңғы үш жылда елімізде тұрмыстық газ баллондарының жарылуына байланысты 30 оқиға тіркелген. Салдарынан 110 адам зардап шегіп, оның 27-сі қаза болған. Төтенше жағдайлар министрлігі мұндай бастаманы бизнес өкілдеріне өздері ұсынып, заманауи әрі қауіпсіз баллон өндірісін жолға қоюды көтерген. Жаңа баллондардың бағасы халыққа да қолжетімді болмақ. Сонымен қатар оларды арнайы газ құю бекеттерінде ғана емес, автожанармай құю станцияларында да толтырып, еркін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Біз «Атамекен» палатасы арқылы бизнеске үндеу жасадық. Осындай заманауи шешім бар, бүкіл әлемде композиттік баллондар қолданылады. Мүмкіндік болса өз өндірістерінде осы бағытты дамытсын деп ұсыныс жасадық. Қазіргі таңда бізге жауап келді. 8 айдан кейін еліміздегі алғашқы композиттік баллондардың өндірісін бастаймыз деп уәде беріп отыр.
Жалынбек Жайнарбай, жоба жетекшісі:
Шыны талшықтарынан жасалғандықтан ол жарылысқа өте төзімді. Тіпті мың градуста, ішіндегі лайнері еріп кеткен күннің өзінде жарылыс болмайды. От жалыны болған жағдайда газ клапан арқылы шығып, жанып таусылады. Сондықтан жарылысқа әкелмейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы