Жаңа Ата заң мәселесін қарау ұсынылды
Жаңа Конституция – еңсесін тіктеп, жарқын болашаққа қадам басқан мемлекеттің негізгі темірқазығы болмақ. Құжат еліміздің тарихы мен болашағын байланыстырып, заң мен тәртіпке, ғылым мен білімге негізделген. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысы қауырт жүріп жатыр. Бүгінгі талқылаудың кезекті отырысында да түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Ернұр Медет тарқатсын.
Сан түрлі көзқарас. Қызу пікірталас. Бұл жай ғана 1995 жылғы ата заңның редакциясы емес, тұғыры мығым, жүйесі мен бағыты айқын елдің толыққанды жаңарған басты құжаты. Бүгінгі конституциялық комиссияның кезекті отырысында Парламенттің төменгі палатасы төрағасының орынбасары Дания Еспаева жаңа Конституция қабылдауды ұсынды. Өйткені келіп түскен 2 мыңнан астам өтініш құжат ережелерінің жартысынан көбін қамтиды. Тың бастамалар Ата заңның мазмұндық тұжырымдамасын түбегейлі жаңартып, ел дамуының қазіргі кезеңіндегі қоғамдық сұранысқа толық сай келеді.
Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
Енді біздің алдымызда тек негізгі заңның кейбір бөлімдеріне түзету немесе толықтыру енгізуден де үлкен міндет тұр. Бұл тек 1995 жылғы Конституция мәтінін бүгінге бейімдеу емес. Бұл мемлекеттік құрылымның барлық архитектурасын, құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету жүйесін, билік институттары мен қоғам арасындағы өзара әрекеттестік механизмдерін терең қайта қарастыру.
Құрылтай пропорционалды өкілдік жүйесімен қалыптасуы мүмкін
Құрылтай пропорционалды өкілдік жүйесімен қалыптасуы мүмкін. Яғни сайлаушылар нақты адамдарға емес, өздері қолдайтын партияларға дауыс береді. Ал партиялар алған дауыс үлесіне сай Құрылтайдағы мандатқа ие болады. Бұл халықаралық тәжірибеде кең тараған жүйе. Бүгінде партиялық-пропорционалды сайлау жүйесі Бельгия, Испания, Финляндия, Швейцария, Болгария, Швеция, Норвегия, Нидерланды сияқты Еуропа елдерінде қолданылады.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Пропорционалды жүйе мажоритарлық жүйеге қарағанда айтарлықтай артықшылықтарға ие. Бұл электораттың әлеуметтік құрылымын барынша дәл ескеруге, азшылық топтардың тең өкілдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жастардың, әйелдердің және ерекше қажеттілігі бар азаматтардың мүддесі жақсырақ қамтылады. Идеологиялық фактор тұрғысынан алғанда, билік пен қоғамға қай партиялық идеологиялардың сұранысқа ие екені, қай бағыттардың осы кезеңде маңызды саналатыны жөнінде нақты сигнал беріледі.
Конституциядағы референдум атауын жалпыұлттық референдум деп өзгерту ұсынылды
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Конституциядағы «республикалық референдум» атауын «жалпыұлттық референдум» деп өзгертуді ұсынды. Оның айтуынша, референдум – мемлекеттің ең маңызды шешімдері қабылданатын тетік, сондықтан атауы да халық бірлігін айқын көрсететін болуы тиіс.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазіргі Конституция мәтініне сәйкес, референдум республикалық референдум деп аталады. Дегенмен, өздеріңіз білетіндей, референдум ең маңызды мәселелер бойынша өткізілуі керек. Сондықтан референдум атауының басқа нысанын емес, «халықтың бірлігі референдум өткізудің негізгі талабы» деп өзгерту керек. Осыған байланысты атауын республикалық референдум орнына халықтық ұлттық референдум, жалпыұлттық референдум деп өзгерту ұсынылады.
Адвокат пен прокурор мәртебесі теңестіріледі
Енді адвокат сот төрелігінде прокурормен тең тұрған, дербес әрі толыққанды тарап ретінде заң жүзінде бекітіледі. Бұл әрбір азаматтың дауысы сотта анық естіліп, құқығы шынайы қорғалуына жол ашатыны анық. Сонымен бірге сот шешімінсіз адамды қамауға алуға болмайды, әр азаматқа өз құқықтары мен бостандықтары айқын түсіндірілуі керек.
Мәди Мырзағараев, Республикалық Адвокаттар алқасының төрағасы:
Жобаға алғаш рет адвокаттардың құқықтық мәртебесіне арналған арнайы бап енгізіліп отыр. Бұл бізге процестің өзге қатысушыларымен тең жағдайда азаматтың құқықтарын қорғауға нақты мүмкіндік береді. Комиссия жұмысы өте қызу өтуде. Бұл жерде әртүрлі көзқарастар айтылды. Түрлі баға берілді. Сұрақтар мен күмәндар болды. Ұсыныстар жан-жақты талқыланды. Әрбір тұжырым салмақталып, ой елегінен өтті. Мұның өзі жүргізіліп жатқан жұмыстың формальді емес, мазмұнды әрі саналы түрде жүзеге асқанын көрсетеді.
Отбасы мен баланы қорғау Конституцияның негізгі қағидаты болып қала береді
Отбасы, неке, ата-ана мен баланы қорғау мәселелері бұрынғыдай мемлекеттің айрықша қамқорлығында қалмақ. Ата заңның 27-бабында неке мен отбасы, аналық, әкелік және балалық мемлекеттің қорғауында болатыны нақты бекітілген. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі жауапты міндеті ретінде айқындалған.
Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
Бұл балалардың құқықтарын қорғауды тиімдірек қамтамасыз етеді. Осы бағытта соңғы жылдары Президент бастамасымен қабылданған реформалар мен заңдар, соның ішінде осы аптада бекітілген «Қазақстан балаларын қорғау» концепциясы, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан балаларды қорғауға, отбасылық институтты нығайтуға, ата-ананың жауапкершілігін арттыруға және отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Қазақстанның білім беру жүйесі зайырлы сипатта қалады
Ал комиссия мүшесі Жақсыбек Құлекеев жаңартылатын Конституция мәтінін әлі де жетілдіру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, Ата заңда ғылым мен білімге қатысты нормалардың айқын әрі нақты бекітілуі маңызды. Ел аумағындағы діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, барлық ұйымдар мен мекемелерде білім және тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие болады.
Жақсыбек Құлекеев, Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі:
Бұл Конституцияның 1-бабының бірінші тармағынан туындап отырған біздің зайырлы мемлекет екендігімізді айқындай түсетін норма. Осындай норманы қолдасаңыздар, онда қоғамда әлсін-әлсін кездесіп қалатын кейбір қайшылықтар заңдық негізде өз шешімін табатыны анық. Сөзімнің соңында ұсыныстарымды тағы да саралап, қолдауларыңызды сұраймын.
Теңдіктің темірқазығы болған жаңа Ата заңды жазу әлі де жалғасады. Бастысы құжат ел тұрғындарының құқығын қорғап, бүгінгі заман сұраныс сай болып қайта жасақталмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы