Алматы облысының М.Түймебаев ауылы әлеуметтік жобалардың игілігін көре бастады
Алматы облысы Іле ауданы Мұхаметжан Түймебаев ауылының тұрғындары әлеуметтік жобалардың игілігін көріп отыр. 23 мыңнан астам халқы бар елді мекенде «Келешек мектептері» жобасы аясында заманауи білім ошағы бой көтеріп, орталықтандырылған ауызсу жүйесі іске қосылды. Бірер күнде амбулаториялық орталық та ел игілігіне берілмек.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан Түймебаев ауылында былтыр орталықтандырылған ауызсу жүйесі іске қосылды. Осылайша 4 мыңнан астам тұрғын тіршілік нәріне қол жеткізді. Ақжолтай жаңалыққа ерекше қуанғандардың бірі – Қыздыгүл Сүлейменова. Зейнеткер шелектеп су тасу машақатынан құтылып, тұрмысы жеңілдегенін айтады.
Қыздыгүл Сүлейменова, Түймебаев ауылының тұрғыны:
Алғашқы келген кезімізде суды құдықтан қазған кезде құм ағып, ол лайланып қиналатынбыз. Ол тұнығанша бір-екі күн өтетін. Ал мына су одан да таза. Шай салғанда, құспайды. Тұп-тұнық.
Ауылды аймақты дамыту жоспарында инфрақұрылым ғана емес, әлеуметтік жобаларға да ден қойылған. Елді мекенде былтыр «Келешек мектептері» жобасы аясында 900 орындық білім шаңырағы бой көтерді. Оқу ордасында шәкірттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.
Мөлдір Парахтова, оқушы:
Бұл мектепке ауысу көптеген мүмкіндіктер беріп жатыр. Келешек мектебінің арқасында өзімнің таңдаған мамандығыма түсіп, ауылымызды көркейтеміз деген ойдамын.
Елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 600-ге жуық нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Іле ауданында орналасқан екі бірдей амбулаториялық орталық та бар. Енді тұрғындардың басы ауырып, балтыры сыздаса, ұзақ жолға шығып әуре болмайды.
Ыңғайлы Бекетаев, Түймебаев ауылының тұрғыны:
Бұрын алысқа баратын едік. Қазір ауылда үй арасында болып жатыр. Ем-домымызды алуға жақсы септігі тиеді деген ойдамын. Амбулаториямыз осы заманға сай лайықты. Көрдік, таныстық.
Ауыл-аймақтарда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға басымдық беріліп келеді. Бұл жаңа өндіріс орындарын ашып, ауыл тұрғындарын еңбекке тартуға жол ашады.
Қайыржан Жақсымбетов, Іле ауданының әкімі:
Әр зауыт ашылғанда біздің қоятын талабымыз – осы ауыл ашылғаннан кейін сол ауылдың тұрғындарын жұмыспен қамту. Қандай мекеме ашылса, қандай түлек шығып жатыр, қандай түлек дипломмен келіп жатыр - сол бойынша қамтамасыз ету жағдайын жасап жатырмыз.
Ауылдық аумақтарды жүйелі дамыту – халықтың әл-ауқатын арттырып, өңірлердің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы