Басты Жаңалықтар Конституцияда «Миранда қағидасын» бекіту ұсынылды

Конституцияда «Миранда қағидасын» бекіту ұсынылды

Конституцияда «Миранда қағидасын» бекіту ұсынылды. Бұл жауапты органдар күдіктіні ұстаған сәтте оның негізгі құқықтарын міндетті түрде түсіндіруі керек деген ереже. Яғни ұсталған адамға оның не үшін айыпталғаны және қандай құқығы бар екені егжей-тегжейлі түсіндірілмесе, оған қатысты кез келген тергеу заңсыз деп танылады. Халықаралық стандарттың тиімді тұстары қандай?

1966 жылы АҚШ-та пайда болған термин америкалық Эрнесто Миранданың есімімен байланысты. Аризона штатында тонау және зорлау күдігімен қамауға алынған азаматтан адвокатсыз және құқығы түсіндірілместен жауап алынған. Нәтижесінде күдікті қылмысын мойындайды. Іс АҚШ Жоғарғы сотына жетіп, сот мұны адам құқығын бұзу деп таныды. Осыдан кейін полиция айыпталушының құқығын міндетті түрде түсіндіруі тиіс деген талап енгізілді.

Дәл осы талапты Конституциялық комиссия мүшелері Ата заңда бекітуді ұсынды. Бұл адамды қысымнан қорғап, әділ тергеуді қамтамасыз етеді дейді мамандар.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі:

Өкінішке қарай, мойындауымыз қажет. Себебі көбі заңның қыр-сырын және өзінің қандай құқықтары бар екендігін біле бермейді. Осының салдары жеке адам үшін де, мемлекет үшін де, қоғам үшін де ауыр зардаптарға әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан тағдыры таразыға түскен сәтте әрбір адам өз құқығын темірдей білуі керек. Бұл мемлекеттің өз азаматы алдындағы жауапкершіліктің ең жоғары көрінісі деп санаймын.

Елімізде бұл ереже 2015 жылдан бері Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген. Дегенмен Конституциялық реформа аясында қағиданы Ата заңға нақты норма ретінде бекіту туралы бастама көтерілді.

Мәди Мырзағараев, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі:

Бұл адам құқығының біздің басты назарда ұстап, ең жоғарғы деңгейге көтеретініміздің кепілі. Яғни ең бірінші кезекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінше, Конституциямызда көзделетін өзгерістердің барлығы адам үшін жасалуы керек.

Қысқасы, осы бір қарапайым ғана қағида адамға төнген қауіпке қарсы нақты қорғаныс амалы болмақ. Мұндай норма Конституцияда айшықталып, жүйелі жұмыс істесе, жауапты органдар айыпты мойындату арқылы емес, нақты дәлелдер арқылы анықтайды. Қорқытып-үркітусіз әділ жүргізілген тергеу - әділ сотқа сенімді арттырары анық.

Бөлісу