Басты Жаңалықтар Президент: Мәдени мұраларымыз жаһандық деңгейде танылуы тиіс

Президент: Мәдени мұраларымыз жаһандық деңгейде танылуы тиіс

Cан ғасырлық шежіреден сыр шертетін, мәдени-тарихи ескерткіштерді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша жұмыстар басталды. Олардың қатарында сәулеті мен сәні келіскен Жаркент мешіті, Алматыдағы Вознесенск шіркеуі бар. Осыған дейін Ұлттық құрылтайда Президент ерекше маңызға ие ескерткіштерді жаһандық деңгейде танытуды тапсырған. Баға жетпес мұраларды сақтайтын халықаралық ұйым – ЮНЕСКО тізіміне енудің талаптары қандай? Таңдаулы нысандардың бірегейлігі неде? Жазира Оразқызы баяндайды.

Жазира Оразқызы, тілші:

Алматының ажарын ашып, келбетін көркемдеп тұрған Вознесенск кафедралды шіркеуі ағаш сәулет өнерінің әлемдік жауһары атанып, маңызды мәдени-тарихи нысанға айналды. Биіктігі – 56 метр. Ғимарат маңғаз Тянь-Шань тауының шыршасынан салынған.

Сәулетшілердің кәсібилігі арқасында шіркеу жер сілкінісіне төзімді құрылыс нысанының озық үлгісіне айналды. Уақыт пен табиғаттың талай дүлейіне мызғымай төтеп берді. Өзіндік сәулетімен дараланған ғимарат – саяхатшылардың таңдана тамашалайтын орнының бірі.

Сәулет өнерінің тағы бір бірегей жобасы – Жаркент мешіті. Ғимаратты салуға Қытайдан арнайы ұста шақырылған, ал әшекейлеуде шығыс халықтарына тән өрнектер қолданылған. Тарихи кешен кезінде Орта Азиядағы теңдессіз сәулет құрылысы атанған. 

Қажет Андас, Жетісу өлкетану орталығының жетекшісі:

Жаркент мешіті – кезіндегі XIX ғасырдың сәулет өнерінің жауһары және сансыз тарихи қиындықты бастан өткеріп бүгінге жеткен жалғыз нысан. Енді осы дүниенің Мемлекет басшысының назарына ілінгені және де осы Жаркент мешітін бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енгізу туралы жұмыстың басталғанына қуанып отырмыз.

ЮНЕСКО өзінің бүкіләлемдік мұралар тізіміне кез келген нысанды енгізбейді. Мәдени нысанның бүкіл адамзат үшін маңызы болуы тиіс. Бұл ретте «Қазқайтажаңарту» мекемесі осы бағыттағы жауапты істі бастап кетті.

Нұрболат Мұратбеков, «Қазқайтажаңарту» РМК бас директорының орынбасары:

Биыл Жаркент мешітіне ғылыми реставрациялау жұмыстары жасалыну жоспарланып отыр. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасына құжаттамалары бойынша біршама талаптар қойылады, ғылыми құжаттамасын әзірлеу, нысандардың аумағын анықтау.

Бүкіләлемдік бірегей тізімге енген әрбір нысан белгілі бір халықтың ғана емес, бүкіл әлемнің ортақ байлығы ретінде қарастырылады. Сондықтан мәдени мұрамыздың алтын арқауына арналған ескерткіштерді сақтау – ұлт тарихын ұлықтаудағы маңызды міндет.


Бөлісу