Қонаев гарнизоны жаңа техникамен жабдықталды
Қазақстанның Қарулы күштері соңғы технологиялармен жабдықталған. Жас сарбаздар заман талабына сай құрылғыларды қолдануға машықтанып жүр, бұл олардың жауынгерлік даярлығын шыңдап, әскери міндеттерін тиімді әрі қауіпсіз орындауына мүмкіндік береді. Әріптесім Нұрдәулет Сыздық Инженерлік әскерлер күні қарсаңында Қонаев гарнизонына барып, ондағы дайындық жұмыстарымен танысып қайтты.
Суық қаруланған жас жауынгерлер күнделікті дайындығын пысықтап жатыр. Қонаев гарнизонында 400 сарбаз 5 бағыт бойынша шынығады. Оларға Біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлік миссияларына қатысып, 2023 жылы Сирияда қызметтен өткен білікті мамандар дәріс береді.
Талғат Айдаров, батальон сержанты:
1 жылдың ішінде 1 тоннадан аса миналарды залалсыздандырдық. 513 жарылмаған заттардың көзін жойдық. Қазіргі таңда сол жақтан алған тәжірибемізді жас сарбаздарымызға бөлісіп, өзіміздің қызметімізді атқарып жүрміз.
Бекзат Тұрсынов, жауынгер:
Біз бұл жақта қару ұстап, уақытпен жұмыс істеп, уақтылы тұрып, уақытпен ұйықтау үйреніп жатырмыз. Біз жауапкершілікті үйрендік.
Қонаев гарнизонында жас жауынгерлер минасыздандыруды, робототехникалық кешендерді басқаруды меңгереді. Оқу-жаттығулары шынайы жауынгерлік жағдайға бейімделіп өтеді.
Нұрдәулет Сыздық, тілші:
Жарылыс пен атылған оқтың үні мұндағы сарбаздардың күнделікті дайындығы осы. Инженерлік саперлік батальонның 70 жауынгері күнделікті жарылыстардың алдын алу технологияларын үйренеді. Ол үшін арнайы озық технологиялар қолданылады.
Инженерлік бағытта кәсіби сарбаз даярлау үшін әскери бөлімде жаңа технологияларға ерекше мән беріледі. Былтыр заман талабына сай 8 техника сатып алынды.
Қанат Тәңірбергенов, инженерлік-саперлік бригада командирі:
ТММ базасы КрАЗ болаты. Енді ол КамАЗ-ға ауысты. Пантондық мост көпірі ол да КамАЗ техникасына ауыстырылып, біз орындап жүрген нормативтерге қарағанда уақытылы орындауға әсерін тигізіп жатыр.
Мамандардың сөзінше, әскери бөлімдердегі техникаларды жаңғырту – маңызды міндеттердің бірі. Бұл – ел қауіпсіздігі мен заман талабына сай әскер қалыптастырудың кепілі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы